Киік еті зерттелді: жесе не болады?
Қазақ тағамтану академиясы киік етінің тағамдық құндылығына зерттеу жүргізді. Ғалымдар оның химиялық құрамын, нутриенттер мөлшерін және өнімді тағам рационында қолдану мүмкіндігін қарастырды, - деп хабарлайды Tengri Life.
Киік еті неге зерттелді?
Киіктер саны қоғамда әрдайым пікірталас тудыратын тақырып. Алайда кейінгі жылдары бұл сирек кездесетін жануарлар популяциясы артқан жағдайда, талқылау басқаша сипат ала бастады: егер азайту қажет болса, бұл ресурсты пайдалы жолмен қолдануға бола ма?
"Киік еті - бұл табиғи ақуыз, дәрумендер мен микроэлементтердің концентраты, әлемдегі ең жақсы диеталық өнімдермен бәсекелесе алатын тағам", - дейді медицина ғылымдарының докторы, Қазақ тағамтану академиясының президенті Алмаз Шарман.
Химиялық талдау нені көрсетті?
Экология министрлігінің тапсырысы бойынша, Тағамтану академиясы киік етінің құрамына кешенді зерттеу жүргізді. 100 грамм етте:
20 грамм ақуыз;9 грамм май;
D дәрумені - 9,2 микрограмм/100 грамм (тәуліктік мөлшердің шамамен 100 пайызы);B5 дәрумені - 8 миллиграмм (тәуліктік мөлшердің 160 пайызы);Темір - 3,9 миллиграмм;
Мырыш - 6 миллиграмм;
L-карнитин - 132 миллиграмм.
Сондай-ақ құрамында магний, селен және B тобы дәрумендері бар.
"Жоғары сапасы мен органикалық табиғатының арқасында киік еті еуропалық диетологиядағы балық немесе аң еті секілді функционалды өнім ретінде рационға енгізілуі мүмкін", - дейді Шарман.
Киік еті кімдерге пайдалы
Мамандардың пікірінше, киік еті D дәрумені, темір және сапалы ақуыз тапшылығы бар адамдар үшін пайдалы бола алады. Ең алдымен:
балалар;жүкті және бала емізетін әйелдер;қарттар;физикалық және интеллектуалдық жүктемесі жоғары адамдар;теңіз өнімдеріне қолжетімділігі шектеулі аймақ тұрғындары.