Астанада мектептің маңында екі баланы көлік қағып кетті
Оқиға туралы қала тұрғыны редакцияға хабарлаған. Куәгердің айтуынша, Қалдаяқов көшесінде көлік екі баланы соққан.
Ол бұл учаскедегі бағдаршамның жуырда ғана орнатылғанын, оның бір жолаққа есептелгенін, алайда көліктер екі бағытта жүре беретінін айтқан. Себебі көшедегі жол құрылысы толық аяқталмаған.
Редакция Астана қалалық полиция департаментіне пікір алу үшін жүгінді. Полицияның алдын ала дерегінше, балалар жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Дәрігерлер қарап-тексергеннен кейін олар үйіне жіберілген. Қазір тексеріс басталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от TengriAuto (@tengriautokz)
Полиция өкілдері бұл аумақта құрылыс жұмыстары әлі аяқталмағанын атап өтіп, қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданғанын хабарлады.
"Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және мектепке жақын орналасуын ескере отырып, бұл учаскеге "Балалар" жол белгілері қойылды, жылдамдық 40 км/сағ дейін шектелді, сондай-ақ, бағдаршамның қайталама белгілері орнатылды", - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, 28 қаңтарда Астанада Сарайшық көпірінде жол апаты болып, салдарынан екі адам қаза тапқан еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!