Күйеуін Қытайдан "құтқарған" әйел тағы да түрмеге сабылып жүр. Оралхан Әбеннің сергелдеңі
Таңғы сағат бес. Дала тас қараңғы. Оралхан Әбен түнде дайындаған тамағын көтеріп, Алматыдан Талдықорғанға қарай жолға шықты. Былтыр күзден бері қамауда жатқан күйеуі Тұрсынбек Қабидің сотына қатысу үшін Оралхан өзі еден жуушы болып істеп жүрген мектептегі жұмысынан сұранып, аптасына екі рет Талдықорғанға барады. Тұрсынбек Қаби – Қытайға қарсы бейбіт наразылық акциясына қатысқаннан кейін "алауыздық қоздыру" бабымен істі болған 19 адамның бірі.
45 жастағы Оралханға бұл жол таңсық емес. 2017 жылы Шыңжаңға барған Тұрсынбекті Қытай өкіметі шығармай қойған кезде Оралхан мемлекеттік органдарға, халықаралық ұйымдарға арызданып, Талдықорғаннан Алматыға жиі қатынаған.
– Ол кезде Талдықорғанда бір мейрамханада жұмыс істейтінмін. Түнгі сағат 2-де жұмыстан шығып, осындай уақытта, таңғы бестерде таксимен Алматыға шығатынмын, арыздану үшін. Қазір міне, соны қайтадан бастан өткеріп жатырмын. Тек бұл жолғы бағыт керісінше, – дейді Оралхан.
Бір жарым жыл сергелдеңнен кейін Тұрсынбек Қаби Қытайдан босап келген соң, отбасы Алматының іргесіндегі Алмалыбақ ауылына көшкен.
"АТАЖҰРТ" БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ СОТЫ23 қаңтарда Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотында басталған процеске негізгі қатысушылардан өзге ешкімді судья кіргізбей қойды. Айып тағылған 19 адамның 16-сы Қытайда туып, кейін Қазақстанға қоныс аударған және азаматтық алған қазақтар. Бәрі – тіркелмеген "Атажұрт" партиясын жақтайтындар.
Сотқа жұртшылық өкілдері мен журналистерді кіргізбейтінін естіген жұрт "Бұл қалай болғаны?" деп наразылық білдірді. Ғимараттың айналасында жүрген полиция қарасы да көп еді, олар жұртқа "тараңдар, әйтпесе жауапқа тартамыз" деп ескерту жасады.
Алғашқы отырыста сот айыпталушылардың қоғамдық қорғаушысы деп танылған туыстарына сотқа кіруге рұқсат еткен, сондықтан Оралхан процеске қатысатынына сенімді еді. Бірақ осы жолы сотқа кіре алмай, сыртқа жылап шықты.
– Онсыз да Қытай байымды бала-шағасынан 2 жыл айырды. Енді міне, қазақ елінің абақтысында 3 ай болды жатқанына. Қазақстаның осы ма? – деп көз жасына ерік берген Оралханды жұбатпақ болған қызы да қосыла жылады.
Жылап-сықтап жүргендердің көбі әйел. Оларды қолдауға келгеннің біразы Қазақстаннан Қытайдан көшіп келген қандастар.
Қылмыстық істің 174-бабы ("алауыздық қоздыру") бойынша айып тағылған 19 адам былтыр 13 қарашада Алматы облысы Қалжат ауылы маңында Қытай басшысы Си Цзиньпиннің суреті мен сол елдің туын өртеп наразылық білдірген. Олар Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен. Наразылық акциясынан кейін бәрі ұсталып, әуелі әкімшілік жауапқа тартылды, кейін оларға қарсы қылмыстық іс қозғалған.
Сот процесі басталған кезде судья айып тағылған 18 адамның "іс ашық қаралсын" деген талабын кері қағып, бір айыпкердің "жеке басымның қауіпсіздігіне байланысты сот жабық өтсін" деген тілегін орындаған. "Бұл әділетсіздік қой!" деді Оралхан ашуға булығып.
Оралхан сияқты қоғамдық қорғаушы деп танылған өзге де адамдарды ішке кіргізбей қойды.
– Сот басталып кетті. Ешкімді шақыра алмаймын, – деді мекеме әкімшілігінің қызметкері кіреберісте тұрған жұртқа.
Сот отырысы сағат 11-де басталып, бір сағаттан аса уақыттан кейін аяқталды. Оған қатысып шыққан адамдар сыртта тұрғандарға "судьяға сендерді (қоғамдық қорғаушылар) келмеді деді ғой?" деп айтып жатты. Мұны естіген жұрт: "Қалайша? Біз мұнда таңнан бері тұрмыз, қаншама шақырым жол жүріп келдік. Бізді алдады!" деп наразылық білдіріп, дүрлігіп кетті.
– Әр жолы "келесі сотта кіресіңдер" деп алдайды бізді. Бүгін де кіргізген жоқ. Бұл сотты несіне жабық қарайды, түсінбеймін. Бәлкім, өз қылмысы әшкереленіп қалмасы үшін жабық өткізіп жатқан шығар, әйтпесе ешқандай қылмыс та, істе құпия мәліметтер де жоқ қой, – деді Оралхан Әбен.
Жұрт наразы болған соң сыртқа сот әкімшілігі өкілі шығып, "келесі отырыста кіресіздер" деді. Қоғамдық қорғаушылардың көбі келесі, жетінші сот отырысында ғана ішке кіре алды.
ҚЫТАЙҒА БАРЫП, ҚАЙТПАЙ ҚАЛҒАНОралхан Әбен күйеуінің қылмыстық бап бойынша істі болуын Қытай билігінен көреді. Өйткені Қазақстан бастапқыда белсенділерді тек әкімшілік жазаға тартқан. Бірақ кейін іс қылмыстық сипат алды. Сол тұста Қытай өкіметі Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Атажұрт" белсенділерінің акциясына байланысты наразылық нотасын табыстағаны белгілі болды.
– Қазақстанда тұрып, өз азаматын Қытайдың "айтуымен" қамау деген масқара жағдай. Күйеуім ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Ол Әлімнұр Тұрғанбайға араша сұрады. Өйткені өзі Қытайдан шыға алмай, қамалғанда қорлықты көрді, жемеген таяғын жеді. Әлімнұр да соны көріп жатыр деп ашынған болуы керек. Қытайдың өзі сол әрекетке апарып отыр ғой, – дейді Оралхан күйеуін жақтап.
Әлімнұр Тұрғанбай 2016 жылы Қытайдан көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған. Былтыр шілдеде Қытайға жұмыс бабымен кіріп, қайта оралмаған. Қытай билігі оның қос азаматтығы бар деген күдікпен ұстағанын хабарлаған. Алайда отбасы Әлімнұрдың Қытай берген төлқұжаты 9 жыл бұрын жойылғанын айтты.
Тұрсынбек Қаби де 2017 жылы Қытайға кірген соң хабар-ошарсыз кеткен. Құжатын полиция тартып алған. Оған ресми айып тағылмаған. Әйелінің айтуынша, Қытай билігі оны ұзақ уақыт үйқамақта, 7 күн түрмеде ұстаған. Оралхан жұбайына араша сұрап түрлі мекеме-ұйымға көмек сұрап жүгінген.
"Оны Қытай қамайтындай еш айыбы болған жоқ қой. Тек "қатын-балаңды неге Қазақстанға көшірдің?" деп кінәлаған көрінеді", – дейді ол.
Оралхан күйеуі Қытайдан дімкәс болып оралғанын айтады. Екі құлағының дабыл жарғағы жыртылған. Қазақстанға келгеннен кейін 10 күн өткен соң ауруханаға жатып қалған.
2021 жылы отбасы Талдықорғаннан Алматы маңына көшкеннен кейін де Тұрсынбектің денсаулығы сыр беріп, ауыра берген соң, дәрігерге қаралып, тізесінде темір зат тұрғанын білген. Оны былтыр шілдеде ота жасатып, алдырып тастады дейді әйелі.
Оралханның Шыңжаңда тұратын анасы да 2018 жылы тәрбиелеу лагеріне жабылған. Қария 10 айдан соң босап шыққан.
– Күйеуім мен анама бостандық талап етіп жүріп, Астанадағы Қытай елшілігіне кіргенде "лагерьде қамап отырсыңдар" десек, олар "лагерь емес ол, оқу, тәрбиелеу орталығы" дейді. 70-ке келген кемпірге қандай оқу, нендей тәрбие бермекші?! – дейді Оралхан күйініп.
"АТАЖҰРТҚА АҢСАП ЖЕТКЕН ЕДІК"Қытайда Тарбағатай аймағы Дүрбілжін ауданы Күрті ауылында тұрған Тұрсынбек пен Оралханның отбасы Қазақстанға 2016 жылы көшіп келген. Талдықорғаннан жер алып, үй салған. Балаларын Қазақстандағы мектепке алғаш берген күнін де ерекше есіне алды.
– Алғашқы қоңырауда әнұран айтылғанда шыдай алмай жылап жібердім. Қасымдағы ата-аналар таңғалған шығар. Бірақ біздің жүрегіміз елжіреп тұрды, – дейді ол.
Оралхан Қытайда жүрген кезде күйеуі Қазақстанмен шекара тұсына жиі барып, алыстан мұнартып көрінген қазақ жеріндегі ауылға ұзақ қарайтынын, атажұртты қатты аңсағанын айтып берді.
– Сол жақтан салқын самал лебі келіп тұратын. Жасыл шөп жайқалып, тұнық ауа келеді. Сонда "шіркін, осы Қазақстанға табанымыз тиер күн бар ма, өз атажұртымызға жетеміз бе?" деп армандап, әлгі жерде бір-екі сағат отырып кететінбіз, – дейді Оралхан.
Оның сөзінше, Қазақстанға келгеннен кейін алғашқы жылдары оңай болмаған, әсіресе тілден қиындық көрген.
– Орысша білмейміз ғой. Өмірімізде орыс тілін естімегенбіз. Дүкенде бірдеңе алайын десек, түсіндіре алмаймыз. Орысша атау керек екен. Әйтеуір мылқау бала сияқты қолымызбен көрсетіп жүріп алатынбыз. Қазақ мемлекетінде тұрып, қазақтың қазаққа аудармашы болғанын көріп күйіндім, – дейді ол.
Оралхан отбасының Қазақстанға көшуіне Қытай билігінің Шыңжаң өңіріндегі бақылауды күшейтуі түрткі болғанын айтты. Отбасының екі қыз, бір ұлы бар. Қыздары Қытайда қазақ мектебінде оқығанымен, ата-анасы мектепте ұлттық білім беру жүйесі біртіндеп жоғалып бара жатқанын байқаған. Оралханның өзі қытайша білмейді.
– Екі қызым қазақша оқыды. Кіші қызым төртінші сыныпты, үлкенім тоғызыншы сыныпты қазақша бітірді. Бірақ кейін қазақ мектептері қалмай бара жатты, – дейді Оралхан.
Теледидардан қазақ тіліндегі бағдарламалар біртіндеп жоғалып, балалар көретін мультфильмдер мен фильмдер түгелдей қытай тіліне көшкен.
– Бұрын қазақша арналар болатын. Кейін теледидарды ашсаң, бәрі қытайша. Қазір балалардың тілі шыға бастаса, қытайша сөйлейді, – дейді ол.
Оралхан жұбайы екеуі өздері тұратын жерде жағдай біртіндеп өзгере бастағанын байқаған.
– Қазақ мектептері біртіндеп жабылып, мешіттер бұзылып жатты. Ана тілінде оқу мен дін ұстау қиындай түсті. Болашақтан қорықтық. Ұл-қызымыз бөтен ортада тамырынан ажырап қалмасын дедік. Шыңжаңда бақылау күшейіп, халықты "үйрету" бағдарламалары енді ғана басталып жатты. Қазақстанға шығатындарға үш күн, бір аптадай "үйретеді" деп айтып жатты. Біз ол саясатқа ілінбей, ертерек көшіп кеттік, – дейді Оралхан.
Қытай билігінің Шыңжаңдағы "үйрету" сабақтары туралы Оралхан ол жаққа кейін барған адамдардан естіген. Ол мұны жай білім беру емес, тұтас қоғамды өзгертуге бағытталған саясат деп түсінген.
– Бұл – қытайландыру саясаты ғой. Барлығын ортақ тілге көшіру. 2018 жылдары балаларға ата-анасымен қазақша сөйлеспеңдер, ортақ тілде сөйлесіңдер деп талап қойған, – дейді ол.
БҰҰ есебінше, Қытай билігі 2017 жылдан бастап Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында Пекиннің қысымы күшейгелі бері бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман дінін ұстанатын ұлт өкілдерін жаппай қамау лагерлеріне тоғытты. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл әрекеттерді "елдегі түркі тілдес мұсылман ұлттарға қарсы жүйелі қылмыс" деп бағалаған.
Қытай билігі саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы", ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атап, әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
Ондаған мың Қазақстан азаматының Шыңжаңмен отбасылық немесе мәдени байланысы бар.
ТЕРГЕУ АБАҚТЫСЫТалдықорғандағы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты №71 мекеменің (тергеу изоляторы) кіре берісінде оншақты адам тұр. Бәрінің қолында ас-ауқат салынған дорба, сөмке бар.
– Күйеуіме тамақ әкелдім. Сыртына "Қаби Тұрсынбек" деп жазыңызшы, – деп Оралхан осында тұрғандардың біреуіне өтініш айтты.
Оралхан абақтыда отырған күйеуіне үйден палау басып әкелген.
– Үйдің тамағын сағынады ғой. Ол жерде тамақ нашар деп жатқан. Бұған дейін қасындағыларға да жетсін деп көп апарып жүрдім. Қазір оған жалғыз өзімнің жағдайым келмейді. Жұбайым негізі етті жақсы көреді. Бірақ қазір маған палау басқан тиімді. Үнемі ет апаруға шамам жоқ, – деді Оралхан.
Қамауда отырған адамға сәлемдеме беру үшін бірнеше қағаз толтыру керек. Қытайда төте жазумен жазып үйренген Оралхан кирилл қарпімен жаза алмайды.
– Бүгін қайта адам көп емес екен. Аптаның бірінші, екінші күндері адам көп болады ғой. Таңда келіп, кешке шығасың – дейді ол абақтыға кіріп бара жатып.
Тұрсынбек Қабимен бірге істі болып жатқан адамдардың кейбірі үйқамақта. Ал тергеу абақтысында отырғандардың туыстары кейінгі төрт ай бойы шалғай жердегі үйінен қамаудағы жақындарына сәлемдеме тасып, Талдықорғанға сабылып жүргенін айтып шағынды.
"Түрлі қиындық жүрміз ғой" деді изолятор қақпасы алдында кезекте тұрған әйелдердің бірі.
"Несиеміз бар, бала-шағамыз студент, ешкімнен көмек болып жатқан жоқ, ешкімнен" деді тағы бірі.
Оралханның күйеуінің де әлі толық өтелмеген несие борышы бар. "Оны да қарызданып-қауғаланып жауып келе жатырмын" дейді әйелі.
Оралхан абақтыда отырған күйеуімен жүздесіп шықты. Айтуынша, екеуі әйнектің екі жағында отырып, телефонмен ғана сөйлеседі.
– Мен ешқашан күресімді тоқтатқан да емеспін, тоқтатпаймын да. Қылышынан қан тамған Қытаймен күресіп, күйеуімді алып шыққанда, енді Қазақстан ондайға бармайтын шығар, соттамайды деп ойлаймын. Қазақстан демократиялық мемлекет, бас еркіндігіміз бар, сөз еркіндігіміз бар. Ешкімге тәуелді емеспіз. "Тәуелсіз мемлекетпіз" деп айтамыз ғой. Сол рас болса, сот әділ шешім қабылдап, азаматтарымызды бостандыққа шығарады деп сенемін, – деді Оралхан.