Талдықорғанда 24 сағаттан аса жұмыс істеген дәрігерлерге үстемеақы төленбеген
Талдықорғанда медицина қызметкерлері заңсыз қосымша жұмысқа тартылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жетісу облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Прокуратура тексерісі барысында Талдықорған көпсалалы ауруханасында медицина қызметкерлері 24 сағаттық кезекшіліктен кейін демалыссыз қосымша жұмысқа тартылғаны анықталды. Айлық және жылдық қосымша жұмыс сағаттары шектен асып кеткен.
"Қаңтарда кейбір қызметкерлер 216 сағатқа дейін қосымша жұмыс істеген, бұл нормативтен әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар, осындай жұмысқа төлем біркелкі мөлшерлеме бойынша төленген, ал Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес кемінде 1,5 есе үстемеақы төленуі тиіс. Жалпы, 700-ден астам қызметкердің құқықтары бұзылған", - делінген хабарламада.
Қалалық прокуратура тиісті ұсыныс енгізді, нәтижесінде медицина қызметкерлерінің құқықтары қалпына келтіріліп, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!