Президент Түркістандағы су мәселесін тез арада шешуді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалап, Үкімет пен әкімдікке бірқатар міндет жүктеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы басым бағыттардың бірі ретінде көне қаланың бірегей келбетін сақтауды, сондай-ақ мәдени мұраны қорғау мен өңірдің тұрақты дамуын атады. Ол бір жыл бұрын Түркістанға ерекше мәртебе заң жүзінде бекітілгенін еске салды.
"Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын", – деді Тоқаев облыс жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде.
Тоқаевтың мәліметінше, 2025 жылы экономикалық өсім шамамен 14 пайызға жетті. Барлық салада оң динамика байқалады. Президенттің айтуынша, салық түсімдері алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Өңірге 1,7 триллион теңге инвестиция тартылған.
"Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елді мекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет. Ал табиғи газ жөнінде айтсақ, облыс халқының 90 пайызға жуығы қамтылған", - деді Президент.
Ол облыста 83 әлеуметтік нысан ашылғанын айтты. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 16 жаңа білім беру мекемесі салынды. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!