“Жігіттер, өмір сүргім келеді“. Ақмола облысында төрт сағатқа жуық батпақта қалған ер адам құтқарылды
Оқиға туралы Ақмола облыстық ТЖД хабарлады. Даладағы көмек сұраған дауысты жақын маңдағы ЖШС-нің бірінің қызметкері естіп, бірден құтқарушыларды шақырған.
"Целиноград ауданында, иесіз қалған құс фабрикасының маңында көмек сұрап айқайлаған дыбыстар естілді. Оқиға туралы мекемелердің бірінің қызметкері хабарлады", - деп мәлімдеді ТЖД өкілдері.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде, қамыстардың арасындағы суық суда қалып қойған ер адамды тапты. Ол адамдарды көргенде дірілдеген әлсіз дауыспен: "Мен өмір сүргім келеді... Жігіттер, сіздер құтқарушысыздар ма?" - деді.
"Оқиға орнына құтқарушылар дереу жетті. Олар батпақты жердегі қамыстардың арасынан ер адамды тауып, гидрокостюмдердің көмегімен алып шықты", - деді ТЖД баспасөз қызметі.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
A post shared by Ерсаин Койшибаев (@yersain09)
ТЖД мәліметінше, 56 жастағы азамат суда төрт сағаттай болған. Құтқарылған бойда ол бірден жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Дәрігерлер оған "денесіне салқын тиген" (гипотермия) деген диагноз қойды.
"Құтқарушылар оны құрлыққа шығарып, жедел медициналық көмек қызметкерлеріне берді. Дәрігерлер оның денесі мұздағанын анықтады, бірақ қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", - делінген видеода.
Төтенше жағдайлар департаменті кез келген қауіпті жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажеттігін еске салады.