Бішкектің экс-мэрі Кулматов қамалды
![Бішкектің экс-мэрі Кулматов қамалды](https://gdb.rferl.org/3D9D4825-C270-4173-A28E-A1F7A5420C12_w800_h450.jpg)
5 маусымда Бішкек қаласының экс-мэрі Кубанычбек Кулматов қамауға алынды. Бұл туралы Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті хабарлады.
Кулматовты қамау туралы шешімді Бішкектегі Первомайский аудандық соты шығарған. "Жемқорлық" айыбымен күдікке ілінген экс-мэр қамауда тергеу аяқталғанға дейін отырады.
Кулматовқа 18 мамырда "Коррупция" бабымен айып тағылып, дүние- мүлкі бұғатталған. Тергеу дерегінше, Кулматов Бішкек қаласын басқарып тұрғанда Жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау ісіне бөлінген 2 миллион долларды заңсыз пайдаланған. Кулматов өзіне тағылған айыпты мойынамайды.
5 маусымда Қырғызстан бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков та қамауға алынған. Исаковқа Бішкектегі Жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау ісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында "сыбайлас жемқорлық" айыбы тағылған. Ол да өзіне тағылған айыппен келіспейді.