Қаңтар соты: бұрынғы полицей мәйітханада "шамамен 286" адамның денесі болғанын айтты
Бұған дейін сотта 2022 жылы 6-7 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңындағы оқиғаларға куәгер болған әскери қызметкерлер мен жедел жәрдем мамандардың жауабы тыңдалғанын Азаттық жазған. Жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар Республика алаңынан 18-ге дейін мәйіт жинағандарын айтқан.
Жедел жәрдем қызметкерлерінен кейін сотта ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы жасағының командирі болған, полковник Қайырбек Тюлюшов та жауап берді. Ол 7 қаңтарда «Республика алаңды «тазалағаннан кейін», сосын әкімдікке жылжығанын, ол жақта өздерінен басқа ешкім болмағанын» айтқан.
— Алаңда және әкімдік маңында ұсталған адамдардың барлығы сол жерде тұрған ұлттық ұлан бөліміне берілді. Нақты есімде жоқ. Бес адам ұсталды ғой деймін… Ұсталған адамдарға пластик кісендер тағылды. Ол бір рет пайдалануға арналған. Ұсталғандарды нақты өзім көрмедім… Алаңда бастапқыда адамдар көп болды. Біз дыбыс ұлғайтқышпен ескерту жасап өттік. Адамдардың көбі ол жерден кетіп қалды. Екінші рет өткенде аспанға оқ аттық, — деді куә.
Бұдан кейін Қаңтар кезінде Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі болған, қазір зейнетке шыққан Бақытжан Медетбеков жауап берді. Ол сол күндері мәйітханадағы мәйіттерді қарап шығу тапсырылғанын және өзінің шені мен жасы жағынан үлкені ретінде анықталғанын айтты.
"Егер қателеспесем, олардың саны (мәйіттердің саны) 286 болды. Сот-медицина сараптамасын тағайындау туралы барлық қаулыны өзім шығардым, себебі тергеушілердің жартысы мәйітханаға сараптамаға жіберілді. Ал оқиға орнынан алынған хаттамалармен, яғни мәйіттермен және одан кейінгі шешімдермен танысу үшін оларды өзіммен бірге мәйітханаға алып келдім. Барлық сот-медициналық сараптама менің атымнан тағайындалды" деді Медетбеков.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза болған. Куәгер өзі айтқан "шамамен 286 мәйіттің арасында" олар бар ма әлде тек сол оқиға кезінде қайтыс болғандар туралы айтып отыр ма, ол жөнінде нақтыламады және ешкім де одан ол жөнінде сұрамады.
Қаңтар кезінде мәйітханадағы жағдай туралы айтқан Медетбеков "мәйіттердің көбінде киім болған жоқ, оларды қалалық жедел жәрдем ауруханасынан, өзге де ауруханалардан, сонымен бірге Алматының өзге аудандарынан жеткізілгенін" айтты.
"Ауруханадан жеткізілгендердің көбінде саңылаулар мен қай ауруханадан жеткізілгені жөнінде нумерация болды. Одан әрі қарай есепке алу үшін бөлек нумерация берілді" деді Медетбеков.
49 жастағы Ерлан Жағыпаровтың өліміне қатысты сот оның өлімінен кейін үш жылға жуық уақыт өткенде басталды. Ерлан Жағыпаров туған өлкесінің тарихын зерттеумен айналысқан, археологтармен талай рет экспедицияға барған. Ежелгі тастарды жойылып кетуден сақтауға үлес қосқан.
Ол 2022 жылы 6 қаңтарда түстен кейін Алматыдағы үйінен шыққаннан кейін жоғалып кеткен. Іс материалдарына қарағанда, 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында Ерлан Жағыпаров пен Әуес Қапсаланов ұсталған. Айыптау актісінде оқиға болған күні Жағыпаров пен Қапсаламовты қаза болғанға дейін әскерилер ұрып-соққаны жазылған. Бірақ олардың кім екені тергеу кезінде анықталмаған. Олар оқ жарақатымен өлі күйде табылған. Марқұм Ерлан Жағыпаровтың бауыры Нұрлан Жағыпаров 2022 жылы қаңтарда Азаттыққа бауырының өлер алдында азапталғанын айтқан еді.
25 желтоқсанда сот отырысы басталмай тұрып Нұрлан Жағыпаров Азаттыққа істі "Адам өлтіру" бабынан "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабына ауыстырғандығымен келіспейтінін жеткізген. Ол сонымен бірге тергеудің үш жылға созылып, айыпталушының "бостандықта" жүргеніне наразы екенін де жеткізген.
Бұған дейін судья айыпталушының бұлтартпас жазасын өзгертіп, қамауға алу туралы өтінішті орындамаған.