СІМ: Бағдат түрмесіндегі әйелдерді елге әкелу бойынша Иракпен келісім жасауға тырысып жатырмыз
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ирак тарабымен Бағдат түрмесіндегі қазақстандық әйелдерді елге қайтару жөнінде келісім жасасауға тырысып жатыр. Бұл жөнінде сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты. Журналистің "террористік әрекетке қатысқаны" үшін Ирак түрмесінде көптен бері жатқан қазақстандық әйелдерді қайтару туралы сауалына Рахметуллин:
– Өзіңіз де жақсы білесіз, сот билігіне араласуға болмайды. Қазақстан сот шешіміне ықпал ете алмайды. Соған қарамастан, біз Ирак тарабымен [сотталған қазақстандықтарды] беру, реадмиссия жасау (мемлекеттің өз азаматтарын қайтаруға келісуі – ред,), және басқалар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – өте ұзақ процесс, – деді ол.
Бірінші вице-министр бұдан қандай нәтиже боларын, оның қашан жүзеге асарын айта алмаймын деді.
Ақан Рахметуллиннің айтуынша, Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесіндегі ауыр жағдайға шағымданып, Қазақстан үкіметінен көмек сұрап жүрген 8 әйелдің барлығы ел азаматы болмауы мүмкін.
– Біріншіден, сегіз адамның бәрі біздің азамат екеніне дәлел жоқ. Түрлі мәлімет бар: біреуінің айтуынша, екеуі ғана қазақстандық, қалғандары көрші елдерден, – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, әйелдерді Қазастанға алдыруға әлі де үміт бар. Ол үшін екі жақ келісімге келуі керек. Келісім болған жағдайда олар толық босатылмайды, тек жазаның қалған бөлігін Қазақстанға өтеуге рұқсат алады деді Рахметуллин.
Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесінде қазақстандық әйелдер 2017 жылдан бері қамауда отырғанын Азаттық көптен жазып келеді. Олар қақтығыс болып жатқан Ирак пен Сирияға күйеулеріне еріп түрлі жағдайда барған. Барлығы "терроризм" бабымен өмір бойына сотталған. Азаттықпен сөйлескен әйелдердің айтуынша, іске қатысты тергеу де болмаған, не үшін сотталғандарын да білмейді. Білместікпен адасқанын айтып, өткен ісіне өкінген әйелдер Қазақстан билігінен көмек күтетінін айтып келеді.
Арасында Ирак түрмесінде балаларымен отырғандары да болған. 2019 жылы қазақстандық дипломаттар "Русафа" операциясын ұйымдастырып, Иракта өмір бойына түрме жазасына кесілген қазақстандық әйелдердің 14 баласын елге жеткізген.
Әйелдер түрмеде дұрыс тамақ берілмейтінін, медициналық көмек нашар екенін айтып шағымданған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл шағымдарды Ирактағы құзырлы органдарға жеткізгенін айтқан. Биыл ақпандағы Азаттықтың осы бойынша сауалына министрлік: "Жақын арада жауапты дипломаттардың Бағдатқа сапары аясында сотталған азаматтардың жағдайын білу мақсатында түзету мекемесіне кезекті іссапар жоспарланған" деп жауап берген.