Теміртауда аязда мыңнан астам адам жылусыз қалды
13 қаңтарда кешке Теміртауда 8-ші шағын аудан мен Отрадное көшелерін жылумен қамтамасыз ететін негізгі жылу магистралінде құбыр жарылып, 40 шақты көп қабатты тұрғын үй мен ондаған жеке үй, бизнес нысаны жылусыз қалған. Бұл жөнінде “Вечерняя Караганда” басылымы жазды. Мұндай апат аяз қақаған шақта болып отыр.
Қала әкімі Ғалым Әшімов 1970-жылдардан бері жөндеу көрмеген ескі құбыр жарылғанын айтты. Апаттық бригадалар үзіліссіз жұмыс істеп, тиісті техника жұмылдырылғаны хабарланды.
"Қазір бүкіл жұмыс жасап, судың бәрін ағызып, дәнекерлеп, шамалы уақытта жылуды қосамыз. Бәріміз осындамыз, бүкіл жұмысшылар. Керек жабдықтар, техниканың бәрі осында бар" деді қала әкімі желіде.
170 мыңнан астам тұрғыны бар Теміртау қаласында жергілікті билік былтыр күзде "қала жылыту маусымына толық дайын" деп мәлімдеген еді. Дегенмен желілерде тұрғындар кейбір ауданда жылу әлі қосылмағанына шағыманған.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның бірқатар аймақтарында электр станцияларында үлкенді-кішілі апаттар болып, қақаған аязда мыңдаған тұрғын жылусыз қалған. Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап билік өкілдері "мұндай жағдайды қайталауға жол бермейміз" деп мәлімдеген әрі жылу маусымына дайындықты қатаң қадағалауға уәде берген еді.