Air Astana ұшақтары Иранды айналып ұшады
Иран әуе кеңістігін жапқаннан кейін қазақстандық Air Astana әуе компаниясы ұшақтарының бағыты өзгеретінін мәлімдеді. Енді әуе компаниясының ұшақтары Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Мединаға Иранды айналып ұшады. Сол себепті тұрақты және чартерлік рейстердің ұшуы мен қону уақыты өзгеруі мүмкін. Компания өкілдері жағдайды бақылап отырғанын, жолаушыларға рейстердің статусын тексеруге кеңес берді.
Бұған дейін Иран арнайы рұқсаты бар халықаралық рейстерден бөлек азаматтық ұшақтардың барлығына әуе кеңістігін жабатынын мәлімдеген.
Одан бөлек, Ислам революциясы сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштері мен әуе қорғаныс жүйесі жоғары дайындық режиміне көшірілгені хабарланды.
Ұлыбритания Тегерандағы елшілігін жауып, барлық қызметкерін эвакуациялады. АҚШ Катардағы әуе базасындағы қызметкерлерінің санын азайтты. Бұл жөнінде Reuters жазды. Әл-Удейд – бұл АҚШ-тың Таяу Шығыстағы маңызды әскери базасы. Онда шамамен 10 мың әскери және азаматтық қызметкер бар.
Дегенмен Reuters дереккөздерінің бірі "мәселе эвакуация емес, режимді өзгерту жөнінде болып отырғанын" айтты. Ресми түрде мұндай өзгерістің себебі түсіндірілмеді.
Ирак ақпарат құралдарының жазуынша, Америка әскері Ирактың батысындағы Айн-әл-Асад базасынан толық көшірілген. База ішінде тек жабдықтау бөлімінің қызметкерлері қалған.
Мұндай оқиғалар Иранда басталған наразылыққа байланысты Вашингтонның Тегеранға күш қолдану ықтималдығы артқан шақта болып отыр.
12 қаңтарда Вашингтон күш қолданатынын жоққа шығармағаннан кейін Иран парламентінің спикері Мұхаммад Калибаф АҚШ шабуылдаса, Тегеран Американың Таяу Шығыстағы әскери базаларына соққы жасайтынын ескерткен.
Politico жазуынша, АҚШ әскери қимыл бастаған жағдайда Вашингтонға Иран соққы жасай алатын аймақтағы әскери қызметкерлерін қорғау үшін әуе қорғаныс жүйесі құралдары жетпеуі мүмкін.