БАҚ: Ресей әскері Сириядағы Камышлы аэродромынан кетеді
Дамаск үкіметі жергілікті күрд күштеріне қарайтын аумақтарды бақылауға талпынып жатқан шақта Ресей Сирияның солтүстік-шығысындағы Камышлы әуежайынан әскерін шығарып жатыр.
Reuters бес дереккөзге және араб ақпарат құралдарына сүйене отырып, ресейлік әскерилердің әуежайдан кетіп жатқанын хабарлады.
Ресей әскері Камышлы аэродромына 2019 жылдан бері шоғырланған еді. Ақпаратқа қарағанда, ондағы ресейліктердің саны Тартус және Хмеймим базаларындағы әскер санынан азырақ. Кейінгі екі күнде ресейлік әскери техника мен ауыр қару Хмеймим базасына көшіріліп жатыр. Камышлыдағы ресейлік әскерилердің бір бөлігі Хмеймимде қалады, бір бөлігі еліне қайтады.
Ресей қорғаныс министрлігі түсініктеме бермеді. Дүйсенбі, 26 қаңтар күнгі жағдай бойынша, аэродромда Ресей туы әлі де ілініп тұрған. Reuters дереккөзінің айтуынша, Сирияның жаңа билігі Ресейден базадан кетуді сұраған.
Ресей Сириядағы азаматтық соғыста Башар Асад режимін қолдаған. 2024 жылы желтоқсанда Асад билігі құлатылғаннан кейін Ресей әскері Сирияда қалған, ал Мәскеу былтыр Ресей астанасына барған Ахмет әш-Шараа жетекшілік ететін жаңа билікті мойындады.
Кейінгі апталарда бірнеше қақтығыстан кейін күрдтерден құралған сириялық демократиялық күштер Дамаск билігімен келісімге келуге мәжбүр болған. Келісім бойынша, ресми Дамаск Сирияның солтүстік-шығысындағы бірқатар аумақты бақылауына алады, есесіне ол жергілікті халықтың құқығының сақталуына кепілдік беруі керек.