Тоқаевтың 7 трлн теңге туралы сөзі Ақорда сайтынан және өзге де парақтардан алынып тасталды
28 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі банктердің бірі шетелдерге 7 триллион теңгеден (шамамен 14 млрд доллар) аса қаржыны заңсыз "жөнелткенін" жайлы сөзі Ақорда сайтынан алынып қалды.
Бұған қоса, қазақстандық бірқатар сайттар да Тоқаевтың осы сөзі айтылған видеоларды, ақпараттарды алып тастағаны байқалды.
Ақорда және басқа да сайттар президенттің бұл сөзін неге алып тастағанын әзірге түсіндірмеді.
Бір күн бұрын Тоқаев қаржы мониторинг агенттігіндегі жиында "Жақында [Қаржылық мониторинг агенттігінің] төрағасы [Жанат] Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы "жөнелтілгені" туралы баяндады" деген еді.
"Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды" деді Тоқаев.
Тоқаев 7 трлн теңгені шетелге қай банк жібергенін, ақша қай елдерге шыққанын ашып айтпаған.
Ақорда сайтынан 7 трлн теңге заңсыз елден шығарылғаны жайлы президенттің сөзі алынып жатқан шақта 29 қаңтарда таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібайды қызметінен босатты. Оның орнына Айбек Смадияров президенттің баспасөз хатшысы әрі президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл оқиғалардың 28 қаңтар күнгі оқиғаға қатысы бар-жоғы белгісіз.
Азаттық президенттің бұрынғы және қазіргі баспасөз хатшыларынан жауап алуға тырысқанмен әзірге жауап бермеді.