Қазақстандағы ең егде қылмыскер бостандыққа шығуға дайындалып жатыр
Қазақстанда жазасын өтеп жатқан ең егде адам 84 жаста. Ол кісі өлтіргені үшін сотталған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Tengrinews.kz-тің ресми сауалына жауап беріп, 1942 жылы туған ер адамның жаза мерзімі 2027 жылы аяқталатынын мәлімдеді. Яғни ол түрмеден шыққан кезде 85 жасқа толады.
Қазір Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 70 жастан асқан шамамен жүзге жуық сотталған бар.
Комитеттің айтуынша, олар жазасын бәрімен бірдей тәртіппен өтейді. Қажет болған жағдайда оларға мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің көлемі аясында ем-дом көрсетіледі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақмола облысының 89 жастағы тұрғыны құқықбұзушылық жасағаны үшін сотталып, оған түзету жұмыстары тағайындалды деген ақпарат тараған. Алайда соттың баспасөз қызметі бұл мәліметті жоққа шығарды.
Олардың айтуынша, қарт әйел мен оның 72 жастағы жиені қасақана жеңіл дене жарақатын салғаны үшін сотталған: зейнеткерлер подъезде туысын соққыға жыққан. Екеуіне де 7 айға бас бостандығын шектеу жазасы беріліп, мінез-құлқына пробациялық бақылау белгіленген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!