Иран Парсы шығанағында миллион литр отын тиелген екі танкерді ұстаған
Иран билігі Парсы шығанағында жанармай контрабандасымен айналысады деген күдікпен екі кеме ұстаған. Бұл туралы Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) әскери-теңіз күштері мәлімдеді. Бұл жөнінде Fars агенттігі хабарлады. Танкерлер кімге тиесілі екені айтылмаған.
Агенттік дерегінше, тексеру кезінде танкерлерден бір миллион литрден астам заңсыз отын табылған. Кемеде болған 15 шетелдік экипаж мүшесі қылмыстық іс қозғау үшін сот орындарына тапсырылған. Иран билігі өкілдері екі танкер кейінгі айларда жанармай контрабандасымен айналысқан желіде болғанын және ұсталған сәтке дейін оларды бақылағанын мәлімдеді.
Иран бұған дейін де Парсы шығанағында мұнай таситын танкерлерді, соның ішінде шетелдік кемелерді ұстаған. 2025 жылғы көктемде дизель отынын заңсыз тасыған деген күдікпен екі кемені ұстаған.
Бұл оқиға Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс күшейген сәтте болып отыр. Бұған дейін 3 ақпанда Тегеран өкілдері америкалық танкерді басып алуға әрекет жасағаны туралы ақпарат тараған. Сол күні АҚШ-тың F-35C жойғыш ұшағы Араб теңізінде америкалық "Авраам Линкольн" ұшақ тасығыш кемесіне жақындаған ирандық дронды атып түсіргенін Bloomberg жазған.
6 ақпанда Оман астанасы Маскатта Иранның ядролық бағдарламасы бойынша АҚШ пен Иран арасында келіссөз өтуі мүмкін. Axios басылымының дерегінше, кездесу алдында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен президент Дональд Трамптың кеңесшісі әрі күйеу баласы Джаред Кушнер Қатарға Иран мәселесі бойынша консультация өткізуге бармақшы.