“30 рет пышақталған“: Талғарда әйел мен оның анасы ер адамды өлтірді деген күдікке ілінді
Талғарда жеті баланың әкесі кісі қолынан қаза тапты. Алдын ала деректер бойынша, ер адамға 30-дан аса рет пышақ жарақаты салынған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Күдіктілер
Марқұмның отбасының адвокаттары Асылбек Әбдіраимов пен Жандос Палмановтың айтуынша, трагедия 14 ақпанда болған.
"Күдіктілер – қаза болған адамның әйелі мен оның анасы. Қылмыс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі, 7-тармағы "Алдын ала сөз байласу арқылы топпен кісі өлтіру" бойынша тіркелген", – деді адвокат.
Келіспеушіліктің бір себебі, ер адамның Талғар полициясына аттары ұрланғанын айтып, арыздануы болуы мүмкін.
"Бұған дейін полиция әйелдің аттарды ұрлап, сатуға қатысы бар екенін анықтаған. Олардың пікірінше, бұл жанжалдың себебі болуы мүмкін. Шабуыл ер адам ұйықтап жатқан кезде жасалған. Қаза болған адамның артында жеті баласы қалды", – деп толықтырды адвокаттар.
Ер адамның өліміне күдіктілер ұсталған
Облыстық полицияның баспасөз қызметі де жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты топпен жасалған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Полиция барлық жағдайды анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!