Астана маңындағы жантүршігерлік оқиға: күдікті бұрын үш рет сотталған
Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында бір отбасы мүшелерін қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген ер адам бұрын әртүрлі қылмыс үшін үш рет сотталған. Соңғы жағдайда сот оны мәжбүрлі емдеуге жіберген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ер адам алғаш рет 2016 жылдың көктемінде, араға бірнеше күн салып екі рет сотталған.
2015 жылдың күзінде Астанада оны автокөлігінің алдыңғы әйнектерін қараңғылағаны үшін полиция қызметкері тоқтатқан. Құжат тексеру барысында жүргізушінің техпаспорты жоқ екені анықталды. Ол полиция қызметкерімен бірге айыптұраққа бара жатқан, алайда жолда құқық бұзушы кенет тоқтап, полиция қызметкерін көліктен итеріп түсіріп, балағаттап, қашып кеткен.
Бірнеше сағаттан кейін көлікті бағдар бойынша өзге полиция қызметкерлері тоқтатпақ болған. Жүргізуші қашуға бел буып, қарсы жолаққа шығып кеткен, бірақ көп ұзамай ұсталады. Ұстау кезінде ол қарсылық көрсетіп, қолына кісен салуға тура келген.
Сол кезде ер адам билік өкілдерін қорлап, олардың заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылған. Сот оған 158 560 теңге айыппұл салды.
Екінші жасаған қылмысы — 2015 жылдың желтоқсанында Астанада көлікті ұрлап айдап әкеткен. Сот үкімі бойынша, ол автотұрақта тұрған көлік жүргізушісін салоннан сүйреп шығарып, рөлге отырып кетіп қалған. Ұры бензин таусылғанша қала ішінде жүріп, кейін көлікті елорда шетінде тастап кеткен.
Бұл қылмысы үшін ол үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
2021 жылдың желтоқсанында ер адам қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Оқиға Жібек Жолы ауылындағы жеке үйдің ауласында болған, полиция қызметкерлері ол жерге шақырту бойынша барған.
Сот қаулысына сәйкес, жергілікті тұрғын ломды алып, полиция қызметкерлеріне сермеп, қоқан-лоқы көрсетіп, олардың бірінің аяғынан ұрған. Сонымен қатар ол полицияның "Нива" көлігін айдап әкетіп, бірақ алысқа кете алмаған, себебі көлік өшіп қалған.
Қылмыстың ауырлығы мен қайталануын ескеріп, бұл жолы ер адам нақты мерзімге сотталуы мүмкін еді, алайда сараптама оның параноидты шизофрениямен ауыратынын анықтағандықтан, сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Бұл — негізгі белгілері тұрақты сандырақ пен есту галлюцинациялары болатын ауыр психикалық бұзылыс. Нәтижесінде ол жалпы типтегі психиатриялық ауруханаға емделуге жіберілген.
Сондай-ақ Tengrinews.kz редакциясы ер адамның бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтады.
Мысалы, 2013 жылдың шілдесінде ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін екі жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Бір айдан кейін ол қайтадан рөлге отырып, жалған нөмірмен жүрген. Осы үшін сот оны бір жылға жүргізуші куәлігінен айырған.
Ал 2012 жылдың жазында тұрмыстық жанжал кезінде ол бірге тұратын әйелінің анасына қоқан-лоқы көрсеткен.
"Сот отырысында жәбірленуші ретінде жауап алынған И.В. оның қызымен бірге тұратын ер адам ашулы күйде үйіне келіп, жанжал шығарып, балағат сөздер мен қызына көңілі толмайтынын айтып, күш қолданамын деп қорқытқанын жеткізді", - делінген сот қаулысында.
Сот жанжалқордың оң мінездемесін ескеріп, оған үш тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындаған.
Мән-жайы
2 наурызда әлеуметтік желілерде Астана маңындағы Жібек Жолы ауылының тұрғыны өз отбасы мүшелерін қатыгездікпен өлтіргені туралы хабарлама тарады.
Полиция күдіктінің ізі суымай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгін ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенатта журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, күдіктінің бұрын сотталғанын айтты, алайда қандай қылмыс үшін екенін нақтыламады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!