Таяу Шығыс елдерінде қалып қалған қазақстандықтар Тоқаевтан көмек сұрады
Таяу Шығыс елдерінде қалып қалған қазақстандықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, көмек сұрады. Олардың мәлімдемесінен ҚазТАГ үзінді келтірді.
"Біз, қазақстандықтар, бірнеше күн бойы Дубайдағы қонақүйде болдық. Одан кейін бізді Оман атты елге әкелді. Бізге "біраз уақыттан кейін ұшаққа отырасыздар" деп сөз берді. 7-8 сағат бойы жол жүріп келдік, арамызда қарттар, мүгедектігі бар адамдар, балалар бар, алайда кешеден бері тек бір ғана ұшақ ұшты. Барлық жаңалықта Дубай мен Оманнан ұшақтар ұшып жатыр деп айтып жатыр, олай емес. Ешқандай ұшақ ұшып жатқан жоқ – кешеден бері тек бір ұшақ ұшты. Бәріміз жатырмыз. Ешқандай жағдай жасалмаған. Мұнда балалар ауырып жатыр, қариялар қиналып жатыр, бізге көмектесіңіз, өтінеміз, жағдайымыз ауыр" деді әйел видеомәлімдемеде.
Ақпарат агенттігінің жазуынша, оның жанында бір топ адам болған. Арасында қариялар, балалар бар, арбада отырған адам да байқалады.
Бұған дейін қазақстандық Air Astana әуе компаниясы туристерді әкететін тұрақты рейстер тек 10 наурыздан кейін басталатынын, билет сату 17 наурызға дейін тоқтатылғанын хабарлаған еді.
Мұны естіген онда қалып қалған қазақстандықтар "осы уақыт бойы не істейміз?" деп уайымдап отыр.
"Қазақстанның мемлекеттік органдары өз азаматтарын шұғыл эвакуациялау үшін неліктен шешуші қадамдар жасамайды? Не үшін жұрт тәулік бойы әуежайдың еденінде ұйықтауға тиіс?" деді сонда қалып қалған қазақстандықтардың бірі.
Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен әзірге түсініктеме ала алмады.
Бұған дейін министрлік соңғы бірнеше күнде Таяу Шығыс елдерінен 3,3 мың қазақстандық оралғанын хабарлаған еді. Ол жақта нақты қанша қазақстандық қалғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Таяу Шығыстағы ахуал әлі күрделі. Тараптар бір-бірін атқылауын тоқтатқан жоқ.