Павлодар облысында бораннан ферроқорытпа зауыты мұржасының бір бөлігі құлады
10 наурызда Павлодар облысында қатты боран соғып, Ақсу ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехының аумағындағы мұржаның бір бөлігі құлады. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдай департаменті және кәсіпорын әкімшілігі хабарлады.
Оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, оқиға "Қазхром" трансұлттық компаниясы бөлімшесінің жұмысына қатты әсер етпеген.
"Оқиға өндіріс процесіне әсер еткен жоқ. Аталған нысан техникалық тексеруден уақытында – 2023 жылы өткен" деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Боран басылмағандықтан зауытта ерекше бақылау режимі енгізілген.
Қазіргі кезде мамандар оқиғаның салдарын бағалап, бөлшектерге демонтаж жасау және инфрақұрылымды қалпына келтіру жоспарын әзірлеп жатқаны хабарланды. Синоптиктер боран әлі басылмайтынын ескертті.