“Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасадым“ - Назарбаев
Қазақстанның тұңғыш президенті Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Дауыс бергеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев елде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қатысты пікір білдірді. Тұңғыш президент Мемлекет басшысы өкілеттігінен осыдан жеті жыл бұрын өз еркімен кеткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл шешім елдің тұрақты дамуы мен билік сабақтастығы жалғасуы үшін қабылданған.
"Уақыт тоқтамайды. Буын алмасады. Әр буын Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуға тиіс. Біздің заман өкілдері тәуелсіздікті жариялап, шекараны белгілеп, елорданы тұрғызу арқылы өз міндетін орындады деп есептеймін. Қазір Қазақстанды одан әрі нығайтып, оның беделін көтеру қажет. Бұл бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ, соның ішінде мен қолдап отырған бүгінгі референдумның да маңызы зор. Өз уақытында мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді. Осы Конституция Қазақстанымыздың игілігіне, халқымыздың берекесіне қызмет етсін деп тілеймін", - деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!