DEMOSCOPE: салық реформасы қазақстандықтардың шығынын көбейтті
Қоғам пікірін зерттейтін DEMOSCOPE бюросы жүргізген "Салық реформасының тиімділігін бағалау" атты зерттеуінің қорытындысына қарағанда, сауалнамаға қатысқан адамдардың көбі жаңа салық кодексі күшіне енгеннен кейін шығыны артқанын айтқан. Бұл туралы Vlast басылымы жазды.
Шығындар мен үнемдеуСауалнамаға жауап берген респонденттердің 77,6% жаңа жылдың басынан бері шығыны өскенін хабарлаған: 54,4% – шығын айтарлықтай өсті, ал 23,2% – аздап өсті деген.
Зерттеу сауалдарына жауап бергендер шығынын үнемдеуге мәжбүр екенін айтқан:
Тағамға жұмсалғаны – 44,5%Киім мен аяқ киімге – 36,1%Жеке көлік пен таксиге – 28,3%Кафе, мейрамхана, жеткізу қызметтеріне – 25,8%Демалуға және ойын-сауыққа – 23,2%Коммуналдық қызметтерге – 20,4%Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге – 20,2%
Респонденттердің басым бөлігі жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін өзін мазалаған қиындықтарды былайша сипаттаған:
50%-дан астамы – тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы;26,3% – қаржылай тұрақтылық жайына алаңдау;16,2% – салық ережелерінің күрделілігі;15% – нақты табыстың азаюы;5,1% – жұмыстан айырылу қаупі.Сауалнамаға тартылған респонденттердің 16,6% қиындықтарды сезінбегенін, ал 11,4% жаңа Салық кодексі туралы мүлде естімегенін айтқан.
Болашаққа болжамРеспонденттердің 65% салық мөлшерінің өскені өмір сапасына кері әсер етеді деп есептейді. Соның ішінде:
40,5% – елеулі түрде нашарлайды;24,5% – аздап нашарлайды деп санайды.Тек 8,2% өмір сапасы жақсаратынына сенеді, ал 13,3% жаңа кодекс өміріне әсер етпейді деп үміттенеді.
DEMOSCOPE ұйымы былтыр қараша айында да осындай сауалнама жүргізген. Сол кезде респонденттердің 61,4% салық өсімі өмір сапасына кері әсер етеді деп болжаған, бірақ тек 32,4% жағдайы елеулі түрде нашарлайды деп ойлаған.
Бюроның хабарлауынша, Қазақстанда экономикалық қиындықтар халық үшін ең маңызды мәселеге айналған және тұрғындарының кемінде жартысы елдің басты проблемасы ретінде экономиканы немесе негізгі тауарлар мен қызметтерге қол жеткізу қиындығын атаған 15 мемлекеттің қатарына кіреді.
"Қазақстанның осы тізімге енуінің өзі – халықтың субъективті экономикалық алаңдаушылық деңгейі бойынша бұл ел ұзаққа созылған экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан елдерге жақын екенін көрсетеді", деген тұжырым жасаған DEMOSCOPE.