"62 учаскедегі қатысушының үлесі — 30,7%". Тәуелсіз байқаушылар ресми дерекке күмән келтіреді
Қазақстан жастар ақпараттық қызметі ұйымына қарасты Жас сайлаушылар лигасы тәуелсіз байқаушылар тобының Қазақстандағы Конституция жобасы бойынша өткен референдум науқаны жөніндегі есебін жариялады . Ұйым 10 қаладағы 62 сайлау учаскесінде дауыс беру барысын бақылаған. Жәшікке нақты түскен бюллетеньдерге сүйенген байқаушылар есебі бойынша, азаматтардың дауыс беруге орташа қатысу деңгейі – 30,7% болған. Бірақ учаскелік комиссиялардың 59 хаттамасында бұл көрсеткіш 52,51% деп көрсетілген. Ұйым мұндай "айтарлықтай айырма ресми қорытындының шынайылығына күмән келтіреді" деп жазған.
Байқаушылардың мәліметінше, кей өңірлерде нақты дауыс бергендер саны мен хаттамада көрсетілген көрсеткіш арасында елеулі айырма байқалған. Мысалы, Семей мен Қостанайдағы кей учаскелерде дауыс берген азаматтардың байқаушылар тіркеген көрсеткіші 7,3% және 10,6% болған, ал учаскелік комиссия хаттамаларында бұл көрсеткіштер 37,3% және 82,9% болып көрсетілген.
Орталық референдум комиссиясы 17 наурызда референдумның ресми қорытындысын жариялағанда кей өңірлерде "заң бұзу фактілері болды, алайда олар референдумның түпкілікті қорытындысына әсер ететіндей емес" деді.
ОРК ел бойынша тірлкеген 12 миллионан аса сайлаушының 73,24 пайызы референдумге дауыс беруге қатысқанын мәлімдеді. Яғни, ресми мәлімет бойынша, 9,1 миллионнан аса адам бюллетень алған.
Ал Жас сайлаушылар лигасы тәуелсіз байқаушылар тобының есебінде бірқатар учаскеде таңғы уақытта бюджет саласы қызметкерлерінің топ-тобымен келіп дауыс бергені де айтылған.
"Кей учаскелерде мұғалімдер, дәрігерлер, әскери қызметкерлер және басқа да бюджет қызметкерлері таңғы 7-ден 9-ға дейін бірнеше жүз адам болып келіп дауыс берді" деп жазылған есепте.
Өскемендегі бірқатар учаскеде тасымалданатын жәшіктер арқылы жиналған бюллетень саны ел бойынша орташа көрсеткіштен бірнеше есе көп болған.
"Басқа учаскелерде мұндай жәшіктерде әдетте 1-ден 30-ға дейін бюллетень жиналса, кейбір учаскелерде 99, 146 және 249 бюллетень тіркелген" деп жазылған есепте.
Ұйым өз байқаушылары жиынтығы 29 заң бұзу жайтын тіркегенін айтады. Астанада ұйымның бес байқаушысы учаскеден қуылған, оның екеуіне шығарып жіберген адамдар күш көрсеткен. Учаскеге "шымыр денелі ер адамдар" кіргені, солардың бірі байқаушыны күшпен сыртқа сүйреп шығарғаны айтылады. Тағы бір оқиғада полиция қызметкерлері байқаушының телефонын тартып алып, оны жерге тастай салғаны көрсетілген. Байқаушыны учаскеден шығарып жіберіп, қайта кіргізбеген жағдай да тіркелген. Байқаушылардың жүріс-тұрысын шектеу, фото және видео түсіруге тыйым салу, бюллетеньдерге алдын ала қол қою, учаскеге бөгде адамдар кіруі және дауыс беру құпиясының сақталмауы сияқты фактілер де бар. Ұйым байқаушыларына үш учаскеде дауыс беру қорытындысы жөніндегі хаттама берілмеген. Ұйымның мәліметінше, кей учаскелерде комиссия төрағалары дауысты ашық санаудан бас тартқан.
Астанадағы №85 учаскеде байқаушы видео түсіргеніне бола учаскеден қуылған. Есепте оның учаскеден шығып, камераны сыртқа қойғаны, ал сол кезде басқа ұйымның байқаушысы оған қарсы акт толтырғаны жазылған. Кейін учаскелік комиссия осы актіге сүйеніп, байқаушыны учаскеден шығарып, полиция бөліміне жеткізген. Онда байқаушының "белгілі бір қозғалыстарға қатысы бар-жоғы тексерілгені" айтылған.
Осы жағдайға байланысты Жас сайлаушылар лигасы Орталық референдум комиссиясына және прокуратураға шағым түсіріп, Астана қаласының әкімшілік сотына талап-арыз берген. Іс 16 наурыз күні онлайн форматта қаралған. Сот бірінші инстанцияда талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Ұйым бұл шешімге келіспейтіні туралы апелляциялық шағым бергенін мәлімдеді.