Жыл басынан бері 3,3 мың адамға қандас мәртебесі берілді
Жыл басынан бері 3 335 қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Келген қандастардың жартысына жуығы – Қытайдан (47,8%), едәуір бөлігі – Өзбекстаннан (43,6%) келген. 2,7% – Түрікменстаннан, 2,2% – Монғолиядан, 2% – Ресейден және 1,7 –басқа елдерден келген.
Қазақстанға келген қандастардың шамамен 58 пайызы – еңбекке қабілетті жаста.
"Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1%-ды және зейнеткерлер 8,8%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша: 13,1%-ы – жоғары білімді, 27,1%-ы - орта кәсіби білімді, 51,9%-ы –жалпы орта білімді және 7,9%-ының білімі жоқ" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Олар республиканың түрлі өңіріне қоныстанған. 2026 жылдың екі айының қорытындысы бойынша Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 569 қандас қоныстанған.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр алғашқы үш айда 4 мынан астам адам Қазақстан азаматтығын алған. Одан бері бұл бойынша мәлімет жарияланбады.
Бұған дейін Қазақстанда азаматтық алудың талаптары жұмсаратыны хабарланған еді. Министрлік бұдан ұлттық қауіпсіздікке ешқандай қауіп-қатер төнбейді деген. Ал құқық қорғаушы жемқорлық факторына мән беруді ескерткен.