Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашуға 48 сағат уақыт берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран 48 сағатта Ормуз бұғазын ашпаса, Иранның электр станцияларын “жоятынын” айтып сес көрсетті.
“Иран осы сәттен бастап 48 сағатта Ормуз бұғазын қоқан-лоқысыз толық ашпаса, АҚШ соққы жасап, олардың түрлі электр станцияларын ірісінен бастап жояды” деп жазды Трамп Truth Social платформасында.
Иран әскері Ақ үй басшысының қоқан-лоқысына жылдам реакция білдірді.
"Егер жау Иранның мұнай және энергетикалық инфрақұрылымына шабуылдаса, онда АҚШ пен аймақтағы режимнің барлық энергетикалық, IT, тұщыландыру нысандары нысанаға айналады" деп жазылған Ислам революциясы сақшылар корпусының жедел қолбасшылығының мәлімдемесінде. Оны 22 наурызға қараған түні Иранның мемлекеттік Fars ақпарат агенттігі жариялады.
Иранға ультиматум қойғанға дейін Дональд Трамп The New York Times (NYT) басылымының сарапшысы жариялаған "Америка президенті әлі күнге дейін Иран бойынша әскери мақсаттарына жеткен жоқтығы" туралы тұжырымына жауап берген.
"Жоқ, мен жеттім және жоспарлаған уақыттан бірнеше апта ертерек! Олардың басшыларының көзі жойылды, флоты мен қарулы күштері талқандалды, оларда ешқандай қорғаныс жоқ және келісім жасағысы келеді. Ал мен – жасағым келмейді!" деп жазды Трамп Truth Social желісінде. Ол басылым сараптамасының "түк құны" жоқ деді.
Бұған дейін Трамп одақтастарын Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуді сұраған. АҚШ пен Израиль Иранды атқылағаннан кейін Тегеран іс жүзінде Ормуз бұғазын "жапқан".
Осыған дейін 22 мемлекет Ормуз бұғазынан өту қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын екенін мәлімдеген. NBC News-дің жазуынша, Ақ үйде ирандық порттарды басып алу ықтималдығы мен Парсы шығанағындағы шағын аралдарға әскер орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр.