«Тұқым-2026. Қызылжар»: аграрлық даму мен инновациялық тәжірибе платформасы
Бүгін «Тұқым-2026. Қызылжар» халықаралық конференциясы отандық және көршілес елдердің сарапшыларын біріктірді. Конференцияға СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Қатысушылар қазақстандық және шетелдік өндірушілер ұсынған жоғары маржиналды дақылдардың тұқымдары көрмесімен танысты.
— Тұқым шаруашылығын дамыту мемлекеттік аграрлық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Өңірде екінші жыл қатарынан өтіп отырған «Тұқым- 2026 Қызылжар» халықаралық конференциясы отандық және шетелдік жетекші сарапшыларды біріктірген маңызды алаңға айналды. Биылғы жылы шараға бес елдің өкілдері қатысып отыр. Бұл көрме-конференцияның өтуі Президент айқындаған мемлекеттік басымдықтардың жүзеге асырылып жатқаны мен жаңартылған Конституция талаптарына сай келуінің айғағы, — деп атап өтті өңір басшысы.
Алынатын өнімнің негізі тұқымдарды таңдау және қайта өндіру кезеңінде қалыптасады. Өткен жылы облыс аграршылары 6 млн тоннадан астам дәнді дақылдар және 1,3 млн тонна майлы дақылдар жинап, ел бойынша үздік көрсеткішке жетті. Бұл нәтижеге облыстағы 43 тұқым шаруашылығының елеулі үлесі бар, олар жергілікті жағдайға бейімделген шамамен 95 мың тонна тұқым өндірді. Облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы жыл сайын 8 мыңнан астам бидай үлгілерін сынақтан өткізеді. Өткен жылы 12,1 мың тонна түпнұсқа және элиталық тұқым өндірілді.
Жетістіктердің барлығы мемлекеттік қолдау, заманауи агротехнологияларды енгізу және ғылыми әлеуетті дамыту арқасында мүмкін болып отыр. Кешенді жұмыс агроөндірістік кешеннің тұрақты дамуына және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сенімді негіз қалыптастырады.