Әділхан Ержановтың «Торғауыт» фильмі: премьерасы Берлинде, ал негізгі көрермені ел ішінде
Ғалия Байжанова, киносыншы, арнайы «Власть» үшін
Өткен аптада Берлин кинофестивалінде Berlin Critic’s Week аясында Әділхан Ержановтың «Торғауыт» деген жаңа фильмінің алғашқы көрсетілімі болды. Қаратас неовестерні көзсіз бағыну табиғатын зерттейді және оны қалай жеңуге болатыны жайында ой толғайды.
Қазақ киносында романтика кезеңі басталды — сезімге ие артатын жобалар көбейіп жатыр. Ел ішінде кинопрокатты «Ғашықпын саған» деген әдемі мелодрама жаулап жатса (картинаның алғашқы аптадағы табысы жаман емес — 359 млн теңге), халықаралық аудиторияны беделді кинофестивальдерге тұрақты барып жүрген Әділхан Ержанов бағындырып жатыр. Оның «Торғауыт» деген жаңа жұмысы билікке адалдықты, «қожайынға» қызмет етуді, қажет десеңіз «парызды» тек махаббат жеңе алатыны жайында. Құтқару соның ғана қолынан келеді.
Ержановтың шығармаларында махаббат жиі ұшырасатын құбылыс емес, бүкіл фильмографиясы 20 шақты фильмге жетсе, солардың ішінде үш фильмінде ғана осы тақырып қозғалады: «Әлемнің ерке енжарлығы», «Сары мысық» және «Торғауыт». 2018 жылы Канн кинофестивалінде «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмінің премьерасында режиссер махаббат қана мемлекеттен биік, туысқаннан жақын, себебі ол — мәңгі деп еді. «Торғауытта» қорғаушының мұқалмас сауытын мөлдір сезім ғана шеше алады деп, осы ойын қайталайды.
«Торғауыт» картинасы не туралы?Сюжетке өтпес бұрын атауына тоқтала кетейік. «Торғауыт» — моңғол сөзі, Шыңғыс хан заманында қожайынына серті берік даланың қорғаушы жауынгерлерін солай атаған. Мұндай тұлғалар тарихта ар мен парыздың адамы ретінде тарихта қалды, торғауыттың өмірі қорғайтын адамына тиесілі болды. Бірақ Ержанов мұны әдейі қаһарман кейпінен және романтика кеңістігінен айырады. Ол ұмытыла бастаған тарихи терминді фестивальдер жақсы көретін Азия экзотикасының элементі ретінде де, билігі бар адамдарға адал болу жеке қалау мен адамгершілік таңдауы емес, кәсіптің және қызметтік борыштың бір бөлігіне айналған қазіргі қоғам туралы әңгіменің кілті ретінде де қолданады.
Ол көрсеткен адалдық — адамгершілік емес, жемқорлық жүйеге кіріктірілген механизм. Зұлымға қызмет етуді құндылықтың биігі деп қарайтын осындай кәсіпқой адамның жолын кесу қорқынышты. Жеке басқа кінәрат жоқ, жай ғана бизнес деген бар ғой.Сонымен, сюжетте басты кейіпкер — Бек (Берік Айтжанов), салқынқанды киллер әрі мықты күзетші туған ауылы Қаратасқа оралады. Мұнда оның інісі, ұсақ-түйек қылмыс жасайтын, бірнеше әйелі бар Әмір (Қуантай Әбдімәди) тұрады. Бірақ Бек қонаққа емес, жұмыс істеуге келді — ол ықпалды әрі ардан жұрдай жергілікті дөкей Байлатты (Диас Байтуов) қорғауы керек. Бек жұмысын мүлтіксіз атқарарына күмән жоқ еді, бірақ дәл осы кезде Қаратасқа Лиса (Анна Старченко) деген киллер қыз да келеді, ол Байлатты және оның сыбайластарын өлтірмекші. Старченко кейіпкері француздың ескі нуарларындағыдай жарқ етіп пайда болады және бұл «түлкі» олжасыз қайтпайтынын бірден түсінесің.
«Торғауыт» қандай фильм және неліктен режиссердің қарапайым көрінсе де, кемеліне жеткен фильмі?Фильм жай басталмайды — көзге таныс дала пейзажының фонында бір ақын Қаратас туралы, заңсыздыққа толы жаман мекен туралы жырлап отырады. Кейін «Торғауыт» толықтай дерлік қазақ тілінде түсірілгенін аңғарамыз, бұл Ержанов үшін сирек жағдай және оның әдейі жасалған ишарасы секілді. Бұл кино негізінен ішкі аудиторияға арналып, онымен тікелей өзі сөйлескісі келгендей. Картина формасы әдейі қарапайым жасалған, фольклор іспетті және айтар ойы да анық.
Әділханның бұрынғы жұмыстарында әлеуметтік сын тәмсілге апаратын, ал мұнда режиссер өзін толғандырған сұрақтарды барынша тура әрі дәл, пәлсапаға тым берілмей қояды. «Торғауытта» Ержановтың айтпағы кемеліне жеткізілген, бұлай болуы мүлдем жаңа нәрселер жайында айтылғандықтан емес, ол Қаратастың заңсыздық жүйесі мәңгі жасауына үлес қосатын кейіпкерлерді аса мұқият зерделегенінен. Төңірегіндегінің барлығын жаулап алған және бағындырған, сұмдық нәрселерге барып жүрген зұлым қатардағы, тіпті зеріктіретін фигураға айналады. Алайда бұл нақты біреудің портреті емес, этика мен жауапкершіліктен ажыраған шексіз билік архетипінің көрінісі. Бұл жерде қорғаушының келбеті әлдеқайда қызық — ақылды, сақ, кәсіпқой, тек кісі өлтіруді таңдағаны болмаса. Оны алға жетелейтін не? Осыншалықты кәсіпқой бола тұра сұрқия күшке қызмет ету заңсыздықтан да асып түскен күнә емес пе?
Берік Айтжанов кейіпкері мұнда Куросава фильмдеріндегі ронинге ұқсас, алайда Ержанов киносында одан да асып түседі — Бек ештеңеден тайсалмайды, туыстық та, мораль да, сезім де кедергі емес. Қызметі талап етсе кез келгенін жайратуға дайын. Ол адамгершілік тұрғыда еш ақтауға келмейтін тұлғаны қорғайды, фильм осы тұсында жеке басқа қатысты хикая шеңберінен шығады. Өйткені мұнда адам емес, механизм сөз болады — адам психологиясы осындай идеялар мен құрылымдарға қалай жақ болады?
Ержанов ең ауыр тақырыптардың бірін ашады: көп жағдайда зұлымдықты жасайтын құбыжық та, фанатик те емес, өзін кәсіпқой санайтын адамдар. Қорғай білетін және қорғауға міндетті адамдар, сондықтан да олар сұрақ қоймайды.
Фильмдегі бетбұрыс кенеттен, махаббат арқылы болады. Байлаттың көзін құртуға жалданған киллер қыз шырғалаң шеңберді үзуге қауқарлы жалғыз кейіпкер болып шығады. Яғни, қарсылық танытудың жалғыз актісі идеология, наразылық, соғыс емес, адам сезімі екен. Сол ғана заңсыздық жүйесін күйрете алады.
«Торғауытты» жағымпаздық пиғылды сынау деп қабылдауға болады, бірақ кеңінен қарастыратын болсақ, фильм конформизм мен ыңғайшылдықты зерттейді.
«Жақсы» адамның өзі неліктен зұлымдыққа ыңғайланып кетеді, оның табиғатын жақсы білсе де, мұны жасауын неліктен доғармайды, мұның шегі бола ма?Бек — қазақтың анти-«Гамлеті»
Ержанов киносында эрудицияны іске қоспай, философтарға, ақындарға, ойшылдар мен драматургтерге сілтемей тұра алмайды, осы картинада кенеттен «Гамлет» сюжетіне үңіледі. Сценарийде ол күтпеген жерден пайда бола кетеді, кадрда кітап тосыннан көзге шалынады немесе кейіпкер кенет «Бар болу ма, жоқ болу ма?» монологынан үзінді келтіре бастайды, шын мәнінде ағылшын драматургиясы мен қазақтың бүгіні арасындағы байланыс соншалықты алшақ емес. Екі мәдениетте де тіл — байланыс құралы ғана емес, болмыстың, қарсылықтың үні және біздің ақын-жыраулар билікке жәбірлеушіден қарумен өш алатын адамдарға қарағанда әлдеқайда қауіпті болды. Монархия дәуірінде жасаған, бірақ шығармаларында билікке қылмыс жолымен келген монархтарды көрсеткен Шекспир еркін ойлы болды деуге негіз бар.
Драматургия кемеңгері билікті шебер суреттесе, Ержанов та сол тақырыпқа жақын, әр фильмінде шексіз билікті құбылыс ретінде көрсетеді. Режиссер «Гамлетке» жиі жүгінсе де, Айтжанов кейіпкерін Ержанов Гамлеттің антиподы етіп шығарған, былайша айтқанда, ол анти Гамлет, себебі әрекетіне кіріскенде күмәнданбайды, толғанып отырмайды және неге деген сұраққа бас қатырмастан, қызмет етуді және қорғауды құп көреді. Оның маңызды трансформациясы киллер қыз пайда болғанда басталады (Анна Старченко мұнда ерекше сырлы әрі тартымды көрінеді). Ол Қаратас логикасын бұзып, бұл әлемді бастапқы күйіне келтіреді.
Осыларды айтпағанда, «Торғауыт» — өзіне тән қара юморы, кринж кейіпкерлері орындайтын дала фламенкосы, тұрмыс абсурды (бұл жерде жергілікті дүкеннен устрица іздеуді айтуға болады) және бастапқыда жағымсыз естілсе де, әсерлі анекдоттары бар Әділханның әдеттегі жұмысы деуге болады. Болашақты басты тесіп өткен саңылаудан ғана көру, жазғыру құдай ананың жанарынан ғана көрінуі сияқты оның метафораларын аса нақышты дей алмасақ та, өте анық әрі әсерлі.
Әділхан Ержанов бұл фильмінде де тұрақты командасын қатыстырғанын айта кету керек: қоюшы операторы — тағы да Еркінбек Пітірәлиев, қоюшы суретші — Ермек Өтегенов. Берік Айтжанов, Анна Старченко, Қуантай Әбдімәди және Диас Байтуов сияқты жоғарыда атап кеткен әртістерден бөлек, актерлер қатарында Данияр Алшынов пен әрдайым шағын болса да ерекше мини эпизодтардан көрініп жүрген Константин Козлов бар.
Кино Қазақстан прокатына шығуға тиіс, әзірге уақыты белгісіз.