Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мүсірепов, Айыртау, Шал ақын, Тимирязев, Есіл аудандарының әкімдері, сондай-ақ жауапты ведомстволардың басшыларының қатысуымен тасқынға байланысты қорытынды кездесу өткізді.
Аталған аудандарда су тасқыны қаупі бар елді мекендер бақылауға алынды. Өткен жылдан бері су басу қаупін барынша азайту мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
Шал ақын ауданы:
- Кіші Тораңғыл көлінде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп , Сергеевка қаласында қорғаныс бөгеті нығайтылды. Старобелка ауылында су бұру арнасы тереңдетіліп, кеңейтілді.
Ғ. Мүсірепов атындағы аудан:
- Тахтаброд ауылында ұзындығы 5 км болатын су бұру арнасы тереңдетілді. Су тасқыны қаупі бар Новоишимское, Рузаевка, Чистополье, Бірлік және Тахтаброд ауылдары инертті материалдармен толық қамтамасыз етілді.
Есіл ауданы:
- Ұзындығы 1 км су бұру арнасы тазартылып, Чириковка ауылындағы топырақ бөгеті нығайтылды. Николаевка ауылында ауылішілік жолға диаметрі 0,5 м болатын қосымша су өткізгіш құбыр орнатылды.
Айыртау ауданы:
- Гусаковка ауылында қорғаныс бөгеті нығайтылды. Ағынтай батыр және Имантау ауылдарында су өткізгіш құбырлар орнатылды. «Новосветловка – Береславка» автожолының 23-шақырымында диаметрі 1 метр болатын су өткізгіш құбыр қалпына келтірілді.
Тимирязев ауданы:
- Құрттай және Дзержинск ауылдық округтерінде бөгеттер нығайтылды.
Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдарда 41 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, 36 құбыр жөнделді. Инертті материалдар мен арнайы техника толық көлемде дайындалды. Кеңес барысында өңір басшысы аудан әкімдері мен жауапты қызметтерге жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, алдағы кезеңге толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.