Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды. Ол 15 мамырда өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Өкім мәтінінде палаталардың кезекті бірлескен отырысы осы жұмада Астанада өтетіні айтылған.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2026 жылғы 15 мамырда сағат 10.00-де Астана қаласында шақырылсын", - делінген құжатта.
Мәжіліс пен Сенаттың бұған дейінгі бірлескен отырысы 8 мамырда өтті. Мұндай жиілік Конституциялық заңдарды қараумен байланысты. Парламент оларды тек палаталардың бірлескен отырыстарында қабылдайды.
Өткен жұмада депутаттар Президент туралы және сайлау туралы Конституциялық заңдарға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.