ДСМ хантавирусқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хантавирус инфекциясының сырттан келу қаупіне байланысты шетелге шығатын қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды TengriHealth.
Туристерге арналған негізгі ұсыныстар
Ведомство хантавирус инфекциясы - адамға негізінен кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен жанасу арқылы жұғатын қауіпті вирустық ауру екенін еске салды. Ол бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба мен хантавирустық өкпе синдромын тудыруы мүмкін.
Вирус организмге келесі жолдармен түсуі мүмкін:
шаң-тозаң,тағам,су,кеміргіштердің тістеуі арқылы.
Осыған байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын азаматтар үшін алдын алу шараларын жариялады:
кеміргіштермен жанаспау, олардың мекендеуі мүмкін жерлеріне бармау;кеміргіштермен ластануы мүмкін өнімдер мен суды тұтынбау;рұқсат етілмеген және көшедегі сауда орындарынан тамақтанбау, азық-түлікті тығыз жабылған ыдыста сақтау;жабық үй-жайларда алдын ала желдету және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ылғалды тазалау жүргізу. Тазалау кезінде қолғап пен маска пайдалану;адамдар көп жиналатын жерлерде арақашықтықты сақтау, маскалар мен дезинфекциялау құралдарын пайдалану, қол гигиенасын сақтау.
Сондай-ақ ведомство сапардан оралғаннан кейін 1–8 апта ішінде денсаулықтың нашарлауы, дене қызуының көтерілуі, айқын әлсіздік, бұлшықет ауыруы, жөтел немесе ентігу пайда болған жағдайда, тез арада дәрігерге қаралып, шетелде болғаныңыз туралы хабарлау қажеттігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Аргентинадан Кабо-Вердеге бара жатқан нидерландтық MV Hondius круиздік кемесінде өлімге әкелетін хантавирус өршіді. Үш адам қайтыс болды. 12 мамырда ДДҰ хантавирустан туындаған 11 ауру жағдайы анықталғанын, оның тоғызында Андес вирусын жұқтыру дерегі расталғанын хабарлады.