Полиция Алматыда резонанс тудырған тренингтің видеосына қатысты пікір білдірді
Қазнетте психологиялық тренинг кезінде түсірілген видео тарап, ол қоғамда үлкен резонанс тудырды. Полиция тексеру жүргізіп, ұйымдастырушыны жазаға тартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Видеода жүргізуші әйелден былапыт сөзді бірнеше рет айғайлап айтуды ұсынып, қатысушылардан оны қолдауды сұрайды. Кейін тренингтің басқа қатысушылары да қосылады. Сабақ форматы эмоционалды жеңілдеу мен қордаланған сезімдерді сыртқа шығаруға бағытталған болуы мүмкін.
Полиция пікірі
Оқиға Алматыда болғаны белгілі болды.
"Шара барысында жекелеген қатысушылар былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды", - деп хабарлады Алматы Полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша Медеу аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері іс-шара ұйымдастырушысына қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғады.
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушыға 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция кез келген бұқаралық және көпшілік іс-шараларды өткізу қоғамдық тәртіп нормалары мен қолданыстағы заңнаманы сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.