Қазақстанда құлаған ұшқышсыз ұшу аппараттары кімге тиесілі екені әлі белгісіз
Қорғаныс министрлігі Қазақстан аумағында табылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының қай елдерге тиесілі болуы мүмкін екенін әзірге анықтаған жоқ. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Журналистер министрдің орынбасарынан кеше әлеуметтік желіде тараған дронның бейнежазбасы туралы сұрады.
Дархан Ахмедиев жарияланған видеоның ескі екенін нақтылады.
"Бұл өткен жылғы ролик. Оқиға 19 маусымда болған", - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері тіркелген жағдайлар бойынша қазір ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі де кіреді.
"Осы топтың жұмыс нәтижесі бойынша барлық сұраққа тиісті жауап береміз", - деді Ахмедиев.
Журналистердің табылған дрондардың қай елге тиесілі екені белгілі ме деген нақтылаушы сұрағына министрдің орынбасары қысқа жауап берді.
"Әзірге белгісіз", - деді ол.
Мән-жайы
Бұған дейін 2025 жылғы 19 маусымда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының тұрғындары Болашақ шекара маңындағы теміржол станциясының маңынан ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас белгісіз нысанды тапқанын жазған болатынбыз. Сол кезде полиция нысанның елді мекендерден алыс жерден табылғанын, зардап шеккендер жоқ екенін және мән-жайлар анықталып жатқанын хабарлаған еді.
2025 жылғы наурызда Батыс Қазақстан облысында да бірнеше рет ұшқышсыз ұшу аппараттары мен солардың сынықтарына ұқсас заттар табылды. Жәнібек ауданындағы жағдайлардың бірінде нысан елді мекендерден алыс жерден табылған, ал полиция тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.
2026 жылғы сәуірде Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Қазақстанның батысына құлаған дрондардың қайдан келгенін анықтау үшін құзырлы органдар мен Қарулы Күштер мамандарының қатысуымен арнайы комиссия құрылғанын хабарлаған болатын. Сол кезде ол тексеру аяқталғанға дейін алдын ала қорытынды жасау ерте екенін атап өткен.