“Zeekr-дің “қара жәшігі“ көп нәрсенің бетін ашады“ - сарапшы өлімге әкелген жол апатына қатысты жүргізушінің нұсқасы туралы
Сотталушының айғақтарындағы басты сәттердің бірі - апат алдында көлік басқару жүйесіне өздігінен араласқаны туралы мәлімдемесі болды. Оның айтуынша, жолақ ауыстыру кезінде қатарда ұстау жүйесі іске қосылып кеткен болуы мүмкін, содан кейін көлік тайғанақтап, жүргізушінің әрекеттеріне бағынбай қалған.
Еске сала кетейік, прокурорлардың мәліметінше, сол сәтте жүргізуші мас болған - оның қанынан 1,30 промилле концентрациясында этил спирті табылды, бұл жеңіл дәрежедегі мас күйге сәйкес келеді. Сондай-ақ сотта сараптама қорытындысына сәйкес, Zeekr 9X автокөлігінің қарсы бетке шығып, соқтығысқанға дейінгі есептік жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болғаны айтылды.
Tengri Auto тілшісі автосарапшы Роман Масленниковтен сотталушы айтқан көліктегі электрониканың істен шығу сценарийінің қаншалықты мүмкін екенін түсіндіруді сұрадық.
Жүйелер араласуы мүмкін, бірақ сараптама қажет
Маманның айтуынша, қатарда ұстау жүйелері расында көлікті басқаруға араласып, қозғалыс траекториясын түзете алады. Кейбір жағдайларда, әсіресе электроника жол таңбасын қате анықтаса, жүргізуші рульдік басқаруда біршама күрт әсерді сезінуі мүмкін.
Дегенмен, дәл осы жүйенің нақты жол апатына себеп болған-болмағаны туралы қорытынды жасау әлі ерте.
"Теориялық тұрғыдан бұл мүмкін. Қазіргі заманғы ассистенттер таңбаны дұрыс танымай, басқаруға араласуы ықтимал. Бірақ көлік деректерін зерттемей тұрып, дәл осы оқиғаның себептері туралы айтуға болмайды. Техникалық сараптама жүргізіп, көліктің электронды жүйелерінде сақталған ақпаратты талдау қажет", - деп атап өтті Масленников.
"Қара жәшікті" оқу нені көрсетуі мүмкін?
Қазіргі көліктер негізгі жүйелердің жұмысы туралы ақпаратты үнемі жазып отырады. Электронды журналдар мен басқару блоктарында қозғалыс жылдамдығы, газ педалінің қалпы, тежегіштің басылуы, ABS пен тұрақтандыру жүйесінің жұмысы, рульдік басқарудың жағдайы, борттық желідегі кернеу, сондай-ақ апаттың алдында ғана пайда болған қателік кодтары туралы деректер сақталуы мүмкін.
"Егер тергеу расында шындықты анықтағысы келсе, Zeekr-дің де көптеген заманауи электрмобильдер сияқты жетілдірілген электронды басқару блоктарымен жабдықталғанын түсіну маңызды.
Апаттан кейін мамандар crash data деп аталатын - көлік соқтығысу сәтінде тіркейтін деректерді оқи алады. Бұл бейнетіркегіш емес, көптеген техникалық параметрді жазатын жеке жүйе.
Ол көліктің қандай жылдамдықпен жүргенін, жүргізушінің газ педалін қаншалықты қатты басқанын, түрлі жүйедегі қысымның қандай болғанын және басқа да көптеген көрсеткішті білуге мүмкіндік береді.
Яғни, көлік сағатына 80 шақырыммен немесе одан едәуір жылдам жүргенін нақты анықтауға болады", - деді Роман.
Сарапшының пікірінше, "көлік басқарудан өздігінен шығып кетті, ал тежегіш істемей қалды" деген сияқты мәлімдемелер дәл осындай объективті техникалық деректермен расталуы тиіс.
Сараптама тежегіш жүйесіне, рульдік басқаруға, тұрақтандыру жүйесіне немесе көліктің басқарылуына әсер етуі мүмкін өзге де компоненттерге қатысты электронды басқару блоктарындағы қателіктердің немесе ақаулардың бар-жоғын көрсетуі керек.
Оның нәтижелерінсіз және көлік деректерін талдаусыз мұндай мәлімдемелер тараптардың бірінің нұсқасы ретінде ғана қала береді.
"Меніңше, бұл оқиғадағы ең қызықтысы - дәл осы crash data деректері. Көлік қатты зақымдалса да, жүйедегі ақпарат сақталып қалуы мүмкін. Бұл көліктің өзіндік "қара жәшігі". Егер бұл деректерді алудың сәті түссе, соқтығысу алдында не болғанын түсінуге болады.
Тағы да қайталап айтамын: заманауи қытайлық электрмобильдер мен гибридтер орналасқан жері туралы деректерге дейін орасан зор ақпарат жинайды.
Мұндай көліктермен жұмыс істейтін бейінді мамандар бұл мәліметтерді электронды басқару блоктарынан шығарып алуға қауқарлы", - деп есептейді автосарапшы.
Бұған қоса, сарапшыларға тұрақтандыру жүйесінің, тежегіштің бұғатталуға қарсы жүйесінің (ABS), рульдік басқару электронды күшейткішінің деректері, сондай-ақ тарту электрқозғалтқышы мен жоғары вольтты жүйенің жұмысы туралы ақпарат көмектесе алады. Егер расында техникалық іркіліс болса, ол, әдетте, көлік жадында цифрлық із қалдырады.
"Бұл адам шығыны болған қоғамдық резонанс тудырған жол апаты болғандықтан, мұндай деректер оқиғаның объективті көрінісін қалыптастыруға және қатысушылардың мәлімдемелерін тексеруге көмектесер еді. Олар іс жүзінде не болғаны туралы көп нәрсені айтып бере алады", - дейді Роман Масленников.
Бірақ апаттың себептері туралы соңғы жауапты көлік пен оның электронды жүйелерін талдағаннан кейін мамандар беруі тиіс.
Бұған дейін сотта судья сотталушы қайғылы оқиғаға дейін жол жүру ережелерін бірнеше рет бұзғаны туралы мәліметтерді жариялаған болатын.
Тағы оқыңыз: “Көлік тайып, тежегіш істемей қалды“: Zeekr жүргізушісі жол апаты туралы өз нұсқасын айтты