Желтоқсаннан бері бір немесе екі көлік. Автолизинг бағдарламасы не болып жатыр?
Былтыр желтоқсанда жеке тұлғалар үшін іске қосылған автолизинг бағдарламасы әзірге толыққанды жұмыс істеген жоқ. Пилоттық жоба аясында бағдарлама бойынша небәрі бір-екі мәміле рәсімделген. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тетікті пысықтауға уәде беріп отыр, деп хабарлайды Tengri Auto.
Үкіметте өткен брифингте журналистер өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтан желтоқсаннан бері бағдарлама бойынша санаулы көлік рәсімделгенін ескере отырып, автолизинг бағдарламасының басталуын сәтсіз деп санайсыз ба деп сұрады. Министр мұндай бағалаумен келіспеді.
"Бағдарлама сәтсіздікке ұшырады деп айтуға болмайды. "Сәтсіздік" деген нені білдіреді? Егер біз қателестік және бағдарламаны бұдан былай іске асырмаймыз десек, онда солай айтуға болар еді. Бұл жүріп жатқан процесс. Бағдарламаны жетілдіру керек, мемлекеттік органдардың ескертулерін, соның ішінде ақпараттық жүйелер мен деректер базасын интеграциялау бойынша ескертулерді ескеру қажет", - деп жауап берді ол.
Бағдарлама басталғаннан бері небәрі екі-ақ көлік сатылғаны туралы нақтылаушы сұраққа министр оның пилоттық режимде жұмыс істеп жатқанын алға тартып, қарсылық білдірді. Оның айтуынша, басты міндет берілген көліктерд санында емес, тетіктің жұмысқа қабілеттілігін тексеруде болған.
"Егер осындай көрсеткіш шықса, демек бағдарламаны пысықтау керек, ол жұмыс істеуі үшін қосымша заңдық тетіктерді қосу қажет. Бұл автокөлік сатып алудың жалғыз жолы емес, қосымша құралы", - деді Нағаспаев.
Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламанов бағдарламаны әзірге ресми түрде толыққанды іске қосылды деп санауға болмайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта заңнама сәйкестендіріліп жатыр, заңға тәуелді актілер дайындалып жатыр, ал лизингтік компаниялар жұмысқа кірісу үшін олардың күшіне енуін күтіп отыр.
"Пилоттық режимде бір немесе екі көлік берілді. Бірақ дәл осы мәмілелердің арқасында тәуекелдер мен заңнаманы жетілдіру қажет бағыттар анықталды. Қазір уәкілетті органдар осымен айналысып жатыр", - деп атап өтті Еламанов.
Ерсайын Нағаспаев автолизинг тетігін биыл күзде толыққанды іске қосу жоспарланғанын айтты.
"Автолизинг міндетті түрде енгізіледі. Басқа мемлекеттік органдардың ескертулері болғандықтан, жекелеген тұстарды түзету ғана қалды. Биыл күзде бұл бағдарлама да жұмыс істей бастайды деп ойлаймын", - деп түйіндеді ол.
Бүгін Үкімет отырысында Нағаспаев Қазақстанда автокөлікті несиеге сатып алуды жеңілдету жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, автонесие беру кезінде қарыз жүктемесінің коэффициенті бойынша шектеуден бас тарту ұсынылған. Толығырақ сілтеме арқылы оқыңыз.
Көлікті лизингке алу
Азаматтарға жеңіл автокөліктерді лизингке беру туралы Үкіметте былтыр күзде айтыла бастаған болатын. Премьер-министр Олжас Бектенов министрлер кабинеті мүшелерімен және мемлекеттік орган басшыларымен азаматтардың мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру бойынша кеңес өткізген еді. Онда жеңіл автокөліктерді сатып алуды қаржыландыру тетіктері, автонесиелеу ғана емес, лизинг те талқыланды.
Кейін бұл тақырыпқа қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар әзірлеу туралы тапсырма берілгенін, ал лизингтің арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түсетінін атап өтті.