Құтқарушылар Алматы тауларынан екі шетелдікті эвакуациялады
Олар сегіз адамнан тұратын туристік топ құрамында 3510 метр биіктікте орналасқан ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ-нің "Тоғызақ" гидробекетінде болған.
"Жорыққа қатысқан екі туристке медициналық көмек қажет болды. 25 жастағы турист қыз қорғаныс каскасын кигеніне қарамастан, тас құлап, басынан жарақат алған. Ал 32 жастағы ер адам құлап, қолын жарақаттаған. Алдын ала мәлімет бойынша, қолы соғылған немесе сынған болуы мүмкін", - деп хабарлады ТЖМ.
Биік таулы жер бедерінің күрделілігі, қою тұман, жаңбыр мен ұшу биіктігіне қойылған шектеуге байланысты құтқарушылар авиацияны пайдалана алмады, сондықтан оларға туристерге Сол жақ Талғар шатқалы арқылы жаяу жетуге тура келді.
"Таңға жуық құтқарушылар гидробекетке жетіп, туристердің жағдайын тексерді. Ауа райы жақсарғаннан кейін зардап шеккендер "Қазавиақұтқару" тікұшағымен "Медеу" алаңына эвакуацияланды. Онда оларды ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері қарсы алды. Кейін туристер қосымша тексеруден өткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді", - деп хабарлады ведомство.
Құтқарушылардың мәліметінше, шетелдік туристердің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Бірнеше күн бұрын құтқарушылар Іле Алатауы шыңынан екі шетелдік альпинисті эвакуациялап, тікелей Алматыдағы аурухананың шатырына жеткізген болатын.