Тоқаев Трамптың шақыруымен G20 саммитіне қатысады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысады. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурдың кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Кездесу барысында Қазақстанның су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын нығайту жөніндегі бастамасына, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды.
"Кездесу барысында Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысатын 2026 жылғы желтоқсанда Майамиде жоспарланған G20 саммитіне дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты. Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды толықтыру мақсатында одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді", - делінген хабарламада.
G20 дегеніміз не?
G20 - әлемдегі ең ірі экономикалардың халықаралық форумы. Оның үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 85 пайызы, дүниежүзілік сауданың 75 пайыздан астамы және планета халқының шамамен үштен екісі тиесілі.
G20 құрамына 19 жеке мемлекеттен бөлек, екі аймақтық бірлестік- Еуропалық Одақ пен Африка одағы кіреді. Кездесулерде әлемдік экономика, сауда, қаржы, энергетика, тұрақты даму мәселелері және басқа да жаһандық түйткілдер талқыланады.
Саммит қайда және қашан өтеді?
G20 лидерлерінің саммиті 2026 жылғы 14–15 желтоқсанда АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында өтеді. Шара Trump National Doral Miami кешенінде ұйымдастырылады. АҚШ 2026 жылы G20-ға төрағалық етеді. Лидерлер саммиті Америка төрағалығының қорытынды іс-шарасы болмақ.
Не талқыланады?
Америкалық төрағалық 2026 жылғы G20-ның үш негізгі басымдығын жариялады: экономикалық өркендеу, қолжетімді әрі сенімді энергия ресурстары, сондай-ақ жаңа технологиялар мен инновациялар.