Ұлттың жадын күмәнді деректермен улауға болмайды - Мемлекет басшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихын бұрмалауға жол бермеуге және ұлттық бірегейлікті тек өткеннің қайғылы беттеріне негіздемеуге шақырды., - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді. Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз", - деді Президент.
Алайда Тоқаев халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайтынын қадап айтты.
"Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ. Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды. Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын", - деді Президент.
Тоқаев: Әлемдік аренада “Орта державалар“ бой көрсете бастады
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!