Тупак Шакурдың өлімі: 30 жылдан кейін алқабилер іс бойынша үкім шығарды
Лас-Вегастағы алқабилер соты 63 жастағы Дуэйн Кеффи Ди Дэвисті осыдан 30 жыл бұрын америкалық рэпер Тупак Шакурды өлтіргені үшін кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Tengri Life ABC News-ке сілтеме жасап.
Алқабилерге айыптау үкімін шығару үшін үш сағаттан аз уақыт қажет болды. Дэвис атыс қаруын қолдану арқылы кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Үкім 13 қазанда жарияланады.
БАҚ мәліметінше, Дэвистің өзі сот шешіміне шағым түсіруге ниетті.
Тупак Шакурдың өлімі
Тупак Шакур 1996 жылы 7 қыркүйекте кешке Лас-Вегаста ауыр жарақат алды. Рэпер Death Row Records дыбыс жазу компаниясының басшысы Мэрион Шуг Найтпен бірге көлікте болған. Көлік бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған кезде, қастарына ақ түсті Cadillac келіп тоқтап, ішінен оқ жаудырған.
Шакур бірнеше жерден оқ жарақатын алып, алты күннен кейін, 13 қыркүйекте ауруханада қайтыс болды. Ол небәрі 25 жаста еді.
Ондаған жылдар бойы рэпердің өліміне қатысты ешкімге айып тағылмаған. Дэвис Шакурдың өліміне тікелей қатысы бар деп қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы және жалғыз адам болды.
Неге Дэвис кінәлі деп танылды?
Прокуратура Дэвис рэперді өз қолымен атты деп мәлімдеген жоқ. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, ол шабуылды ұйымдастырған және Cadillac ішіндегі топтың басшысы болған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл қылмыс бірнеше сағат бұрын болған жанжал үшін кек алу мақсатында жасалған. Шакур мен оның сыбайластары Лас-Вегастағы қонақүйлердің бірінде Дэвистің жиені - Орландо Бэби Лейн Андерсонды соққыға жыққан.
Прокурорлардың айтуынша, осы оқиғадан кейін Дэвис қару тауып, тағы үш адаммен бірге Шакур мен Найтты іздеуге аттанған. Тергеу нұсқасы бойынша, көліктің артқы орындығында отырғандарға тапаншаны Дэвис берген. Сотта өлімге әкелген оқты нақты кім атқаны анықталған жоқ.
Дэвистің өзі көптеген жылдар бойы кісі өлтіру кезінде Cadillac ішінде болғанын ашық айтып келген. Ол бұл туралы сұхбаттарында, тергеушілермен әңгімелесу кезінде айтқан, сондай-ақ бұл оқиғаны өз естеліктерінде жазған.
Прокурорлар бұл мәлімдемелерді негізгі айғақтардың бірі ретінде пайдаланды. Қорғаушы тарап болса, Дэвистің сөздері танымалдылық пен табыс үшін асыра сілтелгенін, ал оны қылмыспен байланыстыратын нақты айғақтардың жоқтығын алға тартты.
Дэвис - прокуратураның нұсқасы бойынша шабуыл кезінде Cadillac ішінде болған төрт адамның ішіндегі көзі тірі жалғыз адам.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтарда БАҚ рэпер P. Diddy-ге (Шон Комбс) қатысты сот талабы туралы хабарлаған болатын. Талап қоюшы Стив Отистің айтуынша, музыкант оған қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап, кейін "Пактың көзін жоя алғанын" мойындаған. Музыканттың өзі барлық айыпты жоққа шығарды. 2025 жылдың қазанында Комбс жеңгетайлықты ұйымдастыруға қатысты істер бойынша 50 айға бас бостандығынан айырылды.