Алматылықтар 1 қыркүйектегі лық толы метро кадрларын көрсетті
Әлеуметтік желілерде Алматы метросындағы нөпір халықтың видеосы тарады. Жұрттың көп шоғырланғаны "Бауыржан Момышұлы" станциясының кіреберісінде байқалған. Tengrinews.kz 1 қыркүйек күні метро қызметіне қанша адам жүгінгенін анықтап көрді.
"Қош келдің, қыркүйек": не болды?
Видео әлеуметтік желілерде 1 қыркүйек күні таңертең жарияланды. Бейнежазбадан метроның кіреберісіндегі адам нөпірін көруге болады – жолаушылар тығыз орналасқандықтан, пойыздарға қарай өте алмай тұр.
"Метро. Қош келдің, қыркүйек", – деп жазды видео авторы.
Пікір қалдырушылар жолаушылар ағынының күрт артуын талқылап жатыр. Кейбіреулер жаңа станциялар ашылғаннан кейін жағдайдың қалай болатынына алаңдаулы.
"Ал "Қалқаман" станциясы ашылғанда не болмақ? Адамдар метроға мүлдем кіре алмай қалатын шығар – қазірдің өзінде кептеліс мынау", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Threads қолданушысы @_suretter__ видеосынан кадрлар
Басқалары қала билігінің жуырда ғана қоғамдық көлікті жиі пайдалану туралы жасаған үндеуін еске алды.
"Әкімдік қоғамдық көлікті пайдалануды сұрап еді", – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Пікірлерде алматылықтар бұл көріністі Ыстамбұл мен Жапония метросымен салыстырып, кейбірі Алматының Мумбайға айналғанын айтып әзілдеген.
Метроны қанша адам пайдаланды?
Метрополитен өкілдері Tengrinews.kz-ке оқу жылының басталуымен жолаушылар ағыны дәстүрлі түрде шамамен екі есе артатынын хабарлады.
"Бұл мектеп оқушылары мен студенттердің жазғы демалыстан оралуымен, қала тұрғындары мен қала маңындағы аудандардан келетін жолаушылардың көбеюімен, сондай-ақ қыркүйекте қаладағы көлік кептелісінің артуымен байланысты", – деп мәлімдеді метрополитен.
Адамдардың көп жиналуының тағы бір себебі – қыркүйектегі кептелістер. Метрополитен мәліметінше, көптеген алматылық жолда тұрып қалмау үшін метроны таңдайды.
"Тек кешегі күннің өзінде, өткен аптамен салыстырғанда, жолаушылар саны шамамен 5 500 адамға көбейді. Қыркүйек айында жолаушылар ағыны одан ары өседі деп күтіледі", – деп хабарлады КМК.
1 қыркүйекке қарай метро жұмысын күшейту уәде етілген болатын
Бұған дейін әкімдік оқу жылының басталуымен Алматы жолдары мен қоғамдық көлігіне түсетін салмақ едәуір артатынын ескерткен еді.
Қыркүйектің алғашқы екі аптасында билік қоғамдық көлік жұмысын күшейтуге уәде берген. Атап айтқанда, метродағы пойыздар санын 11-ден 13-ке дейін көбейтіп, таңғы уақыттағы қозғалыс аралығын үш минутқа дейін қысқарту жоспарланған болатын.
Сонымен қатар автобус бағыттарына резервтен қосымша 500-ге жуық машина шығарылуы тиіс еді. Бұл ретте тұрғындарға мүмкіндігінше жеке көлікпен жүруден бас тартып, қоғамдық көлікті пайдалануға кеңес берілді.