Қазақстандық әйел күтпеген жерден екі рет тұрмысқа шыққанын білген
Қазақстандық әйел қатенің салдарынан екі рет тұрмысқа шыққандай болғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол банкте жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасауға барғанда білген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Әйел әлеуметтік желіде АХАТ қызметкерлерінің қателігіне шағымданды. Оның айтуынша, осы жағдайдың кесірінен жоспарланған мәміле іске аспай қалған.
"Бір күнде, бір жылда жасалған екі тіркеу, бірақ біреуінде тегіміз дұрыс жазылған, ал екінші құжатта қате кеткен", - деп жазды ол.
Осылайша, қазақстандық әйел бір адамға "екі рет тұрмысқа шыққандай" болған.
Ол eGov жеке кабинетінде екінші неке туралы мәртебе болмағанын атап өтті. Алайда ерлі-зайыпты тектеріндегі қатені көрген, бірақ өздері түзете алмаған.
"Азаматтарға арналған үкімет" не деп жауап берді?
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі қазақстандықтың жазбасы жарияланғаннан кейін олар АХАТ ақпараттық жүйесін тексергенін хабарлады. Тексеріс барысында жазбалардың бірі жүйенің өзінде тіркелген электронды нұсқа, ал екіншісі - оның цифрландырылған телнұсқасы екені анықталды.
"Яғни 2013-2017 жылдар аралығында Әділет министрлігі 1937-2008 жылдар кезеңінде тіркелген мұрағаттық акт жазбаларын сканерлеу және тиісті мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізу арқылы цифрландыру жұмыстарын жүргізген. Ақпараттық жүйені толтыру және тестілеу жұмыстарына байланысты аталған акт жазбасы кейін жүйеде қайталанып кеткен", - деп хабарлады мемлекеттік корпорация өкілдері.
Осылайша, екі неке туралы ақпарат "қағаз жүзіндегі есептен электронды есепке көшу кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты туындаған және екі бөлек неке тіркелгенін білдірмейді".
Некелердің бірі бойынша "ажырасуды рәсімдеу" үшін 8 қыркүйекте Алматының әділет департаментіне қайталанған акт жазбасын жою қажеттігі туралы хат жолданды.
"Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы некені тіркеу функциялары оларға 2023 жылғы 1 шілдеден бастап берілгенін еске салды.
Бұған дейін Ақтөбе тұрғыны қатенің кесірінен деректер қорына қайтыс болған адам ретінде енгізілген болатын. Салдарынан ер адам дәрі-дәрмек алуда, несие мен салық төлеуде қиындықтарға тап болды. Сот медициналық мекеменің кінәсін танып, өтемақы төлеуге міндеттеді.
Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметіне жасалған талдау барысында марқұмдарды "емдеу", сондай-ақ ер адамдар жатыр мойны обырына "тексерілген" деректер анықталды.