Тарихтағы ең ыстық тамыз: Жер тағы да температуралық рекорд жаңартты
2026 жылдың тамызы бақылау тарихындағы ең ыстық тамыз болып тіркелді және әлемдегі ең жылы ай рекордын қайталады. Жер бетінің орташа температурасы 16,96 градусты құрады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Euronews басылымына сілтеме жасап.
Жер шары кезекті рет температуралық рекорд орнатты
Copernicus еуропалық климаттық қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың тамызы бүкіл бақылау кезеңіндегі ең ыстық тамыз болды. Жаһандық орташа температура 1991–2020 жылдардағы орташа көрсеткіштен 0,85 градусқа жоғары болды.
Бұл ретте тамыз айындағы көрсеткіш 2023 жылдың шілдесімен іс жүзінде теңесіп, бақылау тарихындағы ең ыстық айға айналды. Екі айдың көрсеткіштері арасындағы айырмашылық 0,01 градустан аз болды.
Тамыздағы температура 1850–1900 жылдардағы индустрияландыруға дейінгі кезеңнен 1,65 градусқа жоғары болды. Бұл 2025 жылдың қарашасынан бері жаһандық көрсеткіштің қайтадан 1,5 градустан асқан алғашқы айы.
Мұхиттар да рекорд орнатты
Рекордтық ыстық тек құрлыққа ғана тән болған жоқ. Мұхит бетінің орташа температурасы полярлық аймақтардан тыс жерлерде тамыз айында 21,07 градусқа жетті - бұл бақылау тарихындағы тамыз айы үшін ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, бұл көрсеткіш 2024 жылдың наурызымен қатар, барлық бақылау айларының ішіндегі ең жоғары мән болып шықты. 24 және 25 тамызда мұхит бетінің орташа тәуліктік температурасы 21,11 градусқа жетіп, жаңа абсолютті рекорд орнатты.
Эль-Ниньо қандай рөл атқарды
Copernicus мамандары рекордтық температура бірнеше факторлармен байланысты екенін атап өтті. Олардың қатарында парниктік газдар шығарындыларына байланысты жалғасып жатқан жаһандық жылыну және Тынық мұхитындағы күшейіп келе жатқан Эль-Ниньо құбылысы.
Қуатты Эль-Ниньо жаһандық температураны қосымша көтеруі мүмкін, алайда ғалымдар ұзақ мерзімді жылынудың негізгі себебі ретінде антропогендік климат өзгерісін атайды.
"Эль‑Ниньо ыстықты күшейте бастады, бірақ негізгі қозғаушы күш - қазба отынын тоқтаусыз жағуымыз болып қала береді. Климаттың өзгеруі әрбір Эль‑Ниньоны одан сайын ыстық етеді және біз көмір, мұнай мен газды жағуды тоқтатпайынша, рекордтық температуралы айлар қайталана береді", - деді Лондон Империялық колледжінің климатологы Фридерике Отто.
Болжамдарға сәйкес, алдағы айларда Эль-Ниньо күшеюі мүмкін, сондықтан жоғары жаһандық температура бұдан әрі де сақталуы ықтимал.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2026 жылдың шілдесі бақылау тарихындағы ең ыстық екінші шілде болды, ал Қазақстан орташа айлық температура рекорд орнатқан елдердің қатарына енді. Бүкіл 2026 жыл бақылау тарихындағы ең жылы жыл болады деген ықтималдық күрт артты.