Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымынан босатылды", - делінген жарлық мәтінінде.
Өмірбаяны
Ол 1969 жылы 14 қазанда Павлодар облысы Краснокут ауданы Новотроицкое ауылында дүниеге келген. Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін (1990 жылы), Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын (2005 жылы) және Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабы әскери академиясын (2013 жылы) бітірген.
Үшарал полкінде жойғыш-ұшқыш, Талдықорған қаласындағы авиациялық база командирі, Шымкент қаласындағы авиациялық база командирі, Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы болған.
2022 жылғы желтоқсан - 2024 жылғы қыркүйек - Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы.
2024 жылғы қыркүйек - 2025 жылғы маусым - қорғаныс министрінің орынбасары - Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы.
2025 жылғы 8 маусымда қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды.
Әскери шені: авиация генерал-лейтенанты (2024 жыл).
Тілдерді меңгеруі: қазақ, орыс.
Наградалары: I және II дәрежелі "Даңқ", II дәрежелі "Айбын" ордендері, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі және мерейтойлық медальдар.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Үшеуі құтқарылды. 25 қыркүйекте таңертең соңғы екі әскери қызметшінің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.
Құтқарылған үш адамның біреуі - 19 жастағы Ақжол Темірәлиев. Ол ауруханаға ауыр хәлде түсіп, кейін жансақтау бөлімінен терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Әәскери қызметшіге психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр.
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Қазгидромет дауылды ескерту жариялаған: өңірде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететіні болжанған.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қызметке салғырт қарады, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау мен қажетті шараларды қабылдамады, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмады деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Жоғары лауазымды бес басшы ұсталды. Тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Тағы оқыңыз: Каспийде не дұрыс болмады? Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қайғылы оқиғаның ықтимал себептерін атады