Астана мен тағы төрт өңірге апта соңына дейін жылу беруге уәде етілді
Қазақстанның бес өңірінде жылу беру маусымы басталды, тағы бес облыста жылуды осы аптаның соңына дейін қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғындарына жылу беріле бастады.
"Осы аптаның соңына дейін ауа райы жағдайына байланысты тағы бес өңірде жылу беру маусымы басталады деп күтіледі", - деді Тұтқышбаев.
Энергетика министрлігінің ақпаратынша, сөз Астана қаласы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстары туралы болып отыр.
Шенеуніктің сөзінше, жылу беру маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде отынның қажетті қоры қалыптастырылып, жабдықтар маусымның басталуына дайындалған.
Баяндамашыны тыңдаған премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге дайындықты жеделдетуді тапсырды.
"Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға: балабақшаларға, мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу беруді бастау қажет. Жылу беру маусымы белгіленген мерзімде қатаң басталуы тиіс. Ертең - нысандардың дайындық паспорттарын беруге құжат тапсырудың соңғы күні. Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауына алуы қажет", - деді Үкімет басшысы.
22 қыркүйекте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Павлодар облысында жылу беру маусымы басталғанын хабарлаған болатын. Апта соңына дейін Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында, ал 1 қазанға дейін қалған солтүстік және шығыс өңірлерде жылу беру жоспарланған еді.
Сол кезде премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жөндеу жұмыстарының аяқталуын жеке бақылауға алуды және Семей, Степногорск, Петропавл қалаларында жылуды іске қосуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын.