Астанадағы түзету балабақшасындағы видео желіде тарады: тәрбиешінің көмекшісі полицияға жеткізілді
Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі баланы ұрып жіберген. Оқиға видеоға түсіп қалған. Қалалық полицияның баспасөз қызметі жағдайға қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Видеодан балалардың шыңғырған дауысы мен жылағаны естіледі. Кадрлардан балабақша тәрбиешісі көмекшісінің баланы бірнеше рет ұрғанын көруге болады. Бұл уақытта басқа балалар қорыққандарынан болып жатқан жағдайды бақылап тұр.
Әлеуметтік желі қолданушылары видео астына пікір қалдырып, полициядан жағдайды анықтауды сұрап жатыр.
"Сондықтан мұндай түзету орталықтары мен балабақшалар міндетті түрде лицензиялануы және білім бөлімі тарапынан жүйелі түрде тексерілуі тиіс! Ойын мен серуендеуге арналған дұрыс алаңдары да жоқ әрбір тұрғын үй кешенінен балабақша ашуға болмайды"
"Түзету топтарында, сөйлей алмайтын немесе ерекше балалар бар жерде ата-аналарға қолжетімді камералар міндетті түрде орнатылуы керек"
"Осы балабақшаға тура екі күн бардық. Мамандардың деңгейі өте төмен екенін түсіндік те, кетіп қалдық"
"Бір нәрсені түсінбеймін: мұндай видеолар жарияланғанда, оны түсіріп тұрған адамға да сұрағым туындайды. Неге ол адамды тоқтатпайды, неге бірден 102-ге хабарласпайды? Мұндайға қалай жай ғана қарап тұруға болады?"
Полиция не дейді?
Қалалық полицияның баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірді. Видеожазбаның 2024 жылдың қазан айында түсірілгені анықталды.
"Полиция қызметкерлері түзету балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басын анықтады. Ол полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны нақтыланды.
Еске салсақ, қазан айының басында Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылындағы балабақшада тәрбиеші көмекшісі ұйықтап жатқан бір жарым жасар сәбидің бетін тырнап алып, жатын бөлмеден қашып шыққаны белгілі болған еді. Оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды.