Алматыда тұраққа таласқан көршілер жанжалы адам өлімімен аяқталды
Алматыда көлік тұрағына байланысты туындаған жанжал кезінде мойнынан пышақ жарақатын алған 37 жастағы ер адам қаза тапты. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Таң сәріден Щетниковтар отбасының үйіне 37 жастағы Данилмен қоштасуға туған-туыстары, достары мен әріптестері жиналып жатыр. Бәрінен де марқұмның жарына қиын соғып тұр. Ерлі-зайыпты 8 жасар ұл тәрбиелеп отырған, ал бір айдан кейін қыздары дүниеге келуі тиіс еді, делінген сюжетте.
"Кім ұрды сені?" деп сұрап жатыр. Ол менің жолдасымды нұсқады. Ол жақындап келіп, оны ұрды. Алдымен мен оны жай ғана басынан ұрды екен деп ойладым. Кейін жолдасымның мойнын осылай ұстап, аулаға қарай жүгіріп барып, жерге құлағанын және қанға тұншыға бастағанын көрдім. Кейін оның тамағын орып жібергені анықталды", - деді марқұмның жесірі Ирина Щетникова.
Оқиға 4 қазан күні кешкісін болған. Туыстарының айтуынша, сол күні Щетников ұлымен және достарымен бірге қала сыртына демалуға кеткен. Үйіне оралғанда ол тұрақта тұрған бөтен көлікті көрген. Куәгерлердің сөзінше, Щетников көршісінен көлігін басқа жерге қоюды сұраған, бірақ бұл оған ұнамай, арада жанжал басталған. Көршісі көмекке ағасын шақыртып, ол кенеттен пышақ суырып алған. Соққы Щетниковтың дәл мойнына тиген. Оны ауруханаға алып кеткенімен, бір аптадан кейін ол қайтыс болған.
"Жанжал шығып, олар ерегісіп, төбелесіп қалды. Осыдан кейін ол осында қайтып келіп, біреулерге қоңырау соға бастады. Біз көлік түсіріп жатқанбыз. Бір топ жігіт сау етіп жетіп келді. Ол ешқандай сөзге келместен: "Сен менің інімді ұрдың ба?" деді де, мойнынан пышақпен салып жіберді. Содан кейін Данил үйіне қарай жүгіріп бара жатып: "Жедел жәрдем шақырыңдар!" деп айғайлады", - деді марқұмның досы Әмір Мұқашев.
Щетниковтың туыстары мен достары оның көршісімен араласпағанын айтады. Бұған дейін ешқандай жанжал болмаған. Күдіктінің отбасы көрші үйде пәтер жалдап тұрғаны анықталды. Бірақ оқиғадан кейін олар жедел түрде көшіп кеткен, делінген материалда.
Қазір болған жайттан оқиға орнындағы үсті матамен жабылған жол талғамайтын көлік қана хабар беріп тұрғандай. Ол кісі өлтірілген жерге қойылған. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан кейін қаскөйлер көлікті таспен атқылап, бүйірлік терезесін шағып кеткен. Полиция абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. 37 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Ер адамдардың арасында алдымен сөзге келіспеушілік туындағаны анықталды. Одан кейін өлімге әкелетін жарақат салынып, соның салдарынан жәбірленуші көз жұмған. Күдікті дереу ұсталып, қамауға алынды", - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қаза тапқан адамның туыстары тергеудің объективті жүргізілуін және істі "Адам өлтіру" бабына қайта саралауды сұрайды.
Бұған дейін Ақтөбеде сыртқы бейнебақылау камералары әйелдің өлтірілген сәтін тіркеген болатын. Қылмыс жасады деген күдікпен Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны ұсталды, толығырақ материалда.
Басына қап кигізіп алып шыққан: Алматыда 61 жастағы ер адамның өлімі тергеліп жатыр