Қазақстандықтарға қоқысты арнайы жәшікке тастамағаны үшін қомақты айыппұл салынатыны ескертілді
Ғимараттың кіреберісіне қоқыс салынған пакетті қалдыру, саябақта бөтелке тастау немесе қалдықтарды қоқыс жәшігі маңына қойып кету қазақстандықтар үшін ондаған мың теңге шығынға айналуы мүмкін, деп хабарлайды Tengri Home.
Экология министрлігі қоғамдық орындарды ластағаны үшін айыппұл салынатынын ескертті. Ведомство қоқысты белгіленбеген жерге тастау әдепсіздік қана емес, заңсыз әрекет екенін атап өтті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдалану орындарын, саябақтар мен скверлерді ластағаны үшін мынадай жаза қарастырылған.
Бірінші рет бұзған жағдайда - 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 40 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту.
Жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда - 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) айыппұл немесе 80 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту.
Осылайша, қоқысты арнайы жәшікке апарып тастамаған құқықбұзушыға, бұған дейін ұқсас әрекеті үшін жауапқа тартылған болса, 90 мың теңгеге жуық айыппұл салынуы мүмкін.
Экология министрлігі қазақстандықтарды қоқысты кіреберісте, саябақта және басқа да қоғамдық орындарда қалдырмай, арнайы жәшіктерге тастауға шақырды.