Республика күніне орай Көкшетаудың ең биік нүктесінде Мемлекеттік Ту көтерілді
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының мәліметінше, салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі қатысты.
Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімі еліміздің барлық өңірінде өткізіліп, игі дәстүрге айналды.
Жиналған қауымды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.
"Біз – қай кезде де Туын биік ұстаған, оны ерлік пен мемлекеттіліктің символы деп білетін халықпыз. Көк байрағымыздың салтанатты түрде желбіреуі еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында айрықша мәнге ие. Бұл – азаттықтың қадірін терең түсініп, жүріп өткен жолымызды бағалап, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін маңызды сәт", – деді Марат Ахметжанов.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының мәліметінше, дәстүр бойынша салтанатты рәсімнің ресми бөлімі өңірдің дамуына еңбегімен үлес қосып, қоғамдық істерге белсене атсалысып жүрген азаматтарды марапаттаумен жалғасты. Облыс әкімі 14 жас ақмолалыққа алғыс хаттар табыстады.
Шара соңында патриоттық мазмұндағы шығармашылық қойылым ұсынылды. Әуенмен астасқан салтанатты сәтте алаң үстінде желбіреген Мемлекеттік Ту мерекенің басты символына айналды.