Көпқабатты үйдегі шағын зертхана: алматылық ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Алматыда полицейлер синтетикалық есірткі өндіретін шағын зертхананы жойды. Оны 34 жастағы ер адам тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатындағы пәтерде жабдықтаған. Енді ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мефедрон өндірісін көршілерден жасырған
Полицияның мәліметінше, ер адам пәтерде мефедрон өндірісін жолға қойған. Көршілердің назарын өткір иіспен аудармас үшін ол зертхананы ғимараттың соңғы қабатына орналастырып, сорғышты жалпы желдету шахтасына қосқан.
"Пәтерді тінту кезінде бір келі дайын өнім, кристалдары бар алты шыны науа, алты бөтелке дихлорметан, тоғыз канистр реактивтер, зертханалық ыдыстар, электронды таразылар және жеке қорғаныс құралдары табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 4,5 келіні құрады", - деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.
Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Есірткіні ұйымдастыру және өндіру дерегі бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде есірткі сататын интернет-дүкен үшін төлемдерді қабылдауды және ақша аударуды қамтамасыз етіп отырған топтың жұмысы тоқтатылды. Схемаға қатысушылар тәулік бойы жұмыс істеп, өзге адамдардың банктік карталарын пайдаланған және түскен пайданы криптовалютаға айналдырған. Операциялардың жалпы сомасы 400 миллион теңгеден асты.