Бодибилдингтен әлем чемпионатында 90 жастағы жапон спортшысы көптің назарын аударды
Бодибилдер әрі вегетарианшы Тосисукэ Канадзава бірнеше онжылдық бойы бодибилдингтен бірінен соң бірі ұлттық титулдарды жеңіп келеді. 19-шы кубогін иеленгеннен кейін, 90 жастағы жапониялық спортшы Испанияда өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін ұшаққа мінді, деп хабарлайды Tengri Life Bild сайтына сілтеме жасап.
90 жастағы жапондық бодибилдер Тосисукэ Канадзава 30 қазанда Санта-Сусаннада (Испания) өткен IFBB фитнес және бодибилдингтен әлем чемпионатында 50 жастан асқан ең ересек санатта өнер көрсетті. Ол өзінен ондаған жыл кіші атлеттермен бәсекеге түсті, бірақ бұл жолы титул иелене алмады. Дегенмен, көрермендердің бүкіл назары сонда болды.
Спортшы үш жылдан кейін, 93 жасында жеңіс үшін қайтадан бақ сынауға ниетті екенін мәлімдеді.
Канадзава төрт онжылдық бойы Жапониядағы жарыстарда көш бастап келеді және ондаған титулға ие болды. Тамызда ол 85 жастан асқандар арасында Жапония чемпионы атанып, қоржынына 19-шы трофейін салды.
34 жасында ол бодибилдингтегі барлық белесті бағындырдым деп есептеп, мансабын аяқтаған болатын. Спортқа 50 жасында қайта оралып, ет пен балықтан бас тартты. Ол жиі ауыратын жарына тәртіптің күшін көрсету мақсатында ауыр жаттығуларды қайта бастап, көпшіліктің кумиріне айналды.
Жастайынан Канадзава дарынды жүзуші болған. 20 жасында бодибилдингпен айналыса бастап, төрт жылдан кейін "Мистер Жапония" атанды. 1967 жылы "Мистер Әлем" турнирінде өз санаты бойынша төртінші орынға ие болды. Дәл сол жылы 20 жастағы Арнольд Шварценеггер әуесқойлар арасында жеңімпаз атанған еді.