Жыл сөзі таңдалды
Ұлыбританиялық Collins English Dictionary сөздігі mogging ("моггинг") сөзін 2026 жылдың жыл сөзі ретінде таңдады. Tengri Life бұл сөз қандай мағына беретінін түсіндіреді.
"Моггинг"
Жастар арасында кең тараған "моггинг" (ағылшынша mogging, to mog етістігінен шыққан) сөзі адамның сырт келбеті, өзіне деген сенімділігі, тартымдылығы, қоғамдағы орны немесе жетістіктері арқылы өзгелерден айқын ерекшеленуін білдіреді. Кейінгі уақытта бұл сөзді Z және Альфа буындары жиі қолдана бастаған.
Анықтама: Z буыны (зумерлер) - шамамен 1997-2012 жылдар аралығында туғандар. Олар интернет, әлеуметтік желілер мен смартфондар қарқынды дамыған кезеңде өсті. Альфа буыны - 2010-2012 жылдардан 2020 жылдардың ортасына дейін дүниеге келгендер. Бұл - бала кезінен смартфон, планшет және цифрлық технологияларды пайдаланып өскен алғашқы буын. Буындардың жас шекарасы шартты түрде белгіленеді және әртүрлі жіктемеде өзгеше болуы мүмкін.
Мысалы, суретте бір адам өзгелерге қарағанда әлдеқайда тартымды көрінсе, оны "моггинг жасады" деп сипаттауға болады. Алайда бұл сөз тек сырт келбетке қатысты айтылмайды. Спортта, оқуда немесе басқа салада біреу өзгелерден әлдеқайда озық екенін білдіру үшін де қолданылады.
Collins мәліметінше, 2026 жылы бұл сөздің қолданылу жиілігі 210 пайызға артқан. Ол кең таралуына әлеуметтік желілер мен жастардың күнделікті сөйлеу тілі ықпал еткен.
Сөздің шығу төркіні
Mogging сөзі AMOG (Alpha Male of the Group) аббревиатурасынан шыққан деп есептеледі. Оны "топтағы басым ер адам" деп аударуға болады. 2016 жылдары бұл термин бодибилдинг саласында дене бітімі мен күші жағынан өзгелерден басым ер адамды сипаттау үшін қолданылған. Кейін интернетте тарап, мағынасы кеңейе түсті.
Қазіргі жастар бұл сөзді көбіне әзіл немесе мысқыл ретінде біреу өзгелерден айқын ерекшеленген жағдайда қолданады. Орыстілді интернетте "мог" түбірінен "могать", "могнуть" етістіктері және "замоганный" сын есімі пайда болған. Соңғысы басқа біреудің көлеңкесінде қалған немесе одан асып түсе алмаған адамды сипаттайды.
Былтыр Collins сөздігі vibe coding тіркесін жыл сөзі деп таңдаған еді. Бұл ұғым мәтін нұсқауы арқылы жасанды интеллект көмегімен бағдарлама жасауды білдіреді.