Ақтөбедегі неке сарайында қыз кісі қолынан қаза тапты
Ақтөбеде неке қию сарайында қызды өлтіріп кетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл ақпаратты өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Айта кетейік, желіде 26 жастағы қыздың өлімі туралы ақпарат тараған. Куәгерлердің айтуынша, ол неке қию сарайына қазіргі сүйіктісімен бірге барған көрінеді. Сондай-ақ жазбаларда бұл қылмысқа оның бұрынғы күйеуінің қатысы болуы мүмкін екені айтылады. Алайда ресми түрде бұл мәліметтер әзірге расталған жоқ.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті қыздың өлтірілу дерегін растады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл ретте полицияның ресми ақпаратында ұсталған адам марқұмға кім болып келетіні нақтыланбаған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себебін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.